Қысым көрген алматылық кәсіпкер әйел көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қысым көрген алматылық кәсіпкер әйел көмек сұрайды

14.11.2017

Алматылық кәсіпкер облыстық экономикалық тергеу қызметі мамандарын айыптады. Алты баланың анасы Екатерина Кимді тамыз айында облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті «есепшоттық фактураларды» жалған жасады деген айыппен ұстаған. Бірақ, «тергеу жұмысы дұрыс жүргізілмеді» деген кәсіпкер бұл айыптаумен келіспеген. Ал, одан соң құзырлы орган өкілдері «ірі көлемде ақша берсең, істі жауып береміз» деген.

Екатерина Кимнің үстінен биыл жазда қаржылық құжаттарды қате рәсімдеген деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, азаматша, бұл айыппен келіспейді. Өйткені, ол «тергеу ісінде көп нәрсе назардан тыс қалды», - дейді.

 Екатерина Ким, кәсіпкер:

- Есепшот фактурасын жалған жасау фактісі бойынша менің көмекшім құзырлы орган қызметкерлерімен бірігіп, маған жала жапқанын айтқым келеді. Мен істің жария болуын және әділ тергелгенін қалаймын.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл оған жабылған жала. Себебі, іс басталғаннан кейін өздерін «экономикалық тергеу қызметінің өкіліміз», деп таныстырған адамдар істі жапқың келсе, ақша бер деп хабарласқан. Телефонында сондай жазбалардың 158-і сақтаулы тұр.

Ал, кәсіпкердің қорғаушысы, соңғы кездері мұндай ақша жасау дерегі Алматы облысының Іле ауданында көбейгендігін алға тартты. Мысалы, 1,5 жылда адвокаттан тура осындай себеппен 4 бизнесмен көмек сұрапты.

Джохар Өтебеков, адвокат:

- Кәсіпкерлерді дәл осылай қанаудың жүйесі көптен қалыптасқан деп ойлаймын. Сондықтан, бұл аймақты түбегейлі тексеру қажет. Әйтпесе, әлі де қаншама кәсіпкер зардап шегеді.

Бұл іске қазір облыстық прокуратура кіріскен. Олар аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ал, Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Экономикалық тергеу қызметінің мамандары «телефон жазбаларына сенбей, оны мұқият тексеру керек», деп отыр.

Жақсылық Мырзахан, облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің маманы:

- Қазіргі таңда қылмыстық іс біздің өндірісте болғандықтан, толық ақпаратты тергеу мүддесіне байланысты бер алмаймыз. Өйткені, күдіктілердің саны бүгін екеу болса, тағы да басқа азаматтар анықталуы мүмкін.

Кәсіпкер әйелдің дүкені қазір жабық. Ал, қол астында жұмыс істеген 60 адам далада қалды. Оларға соңғы айлықтарын да бере алмапты. Өйткені, кепілдік ретінде құятын қомақты қаражаты жоқ болғандықтан, оның барлық есепшоттары мен банктік карталарына бұғат қойылған.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу