Павлодар өңірінде көлік заңнамасын бұзу деректері көбейіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар өңірінде көлік заңнамасын бұзу деректері көбейіп кетті

10.11.2017

Соңғы уақытта Павлодар өңірінде шетелдік тасымалдаушылар тарапынан көлік заңнамасын бұзу деректері күрт көбейіп кетті. Сол себепті облыстық Көліктік бақылау басқармасы «Жолда қабылдау» акциясын қолға алды. Шара отандық тасымалдаушылар мүддесін қорғау мақсатын көздеп отыр. Бақылау су транспорты саласында да күшейтілді. Өйткені, биыл Ертіс өзені бойымен көрші Ресейге жүк тасымалдау екі есеге ұлғайды.

Жыл басынан бері аймақтық көліктік бақылау инспекциясы 1,5 мың заң бұзушылық дерегін анықтады. 12 мың автокөлік тексерілді. Оның үш мыңнан астамы - шетелдік көліктер.

Қуаныш Ермұханов, Көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:

- Шетелдік тасымалдаушылар мен көбінесе көлік заңнамасының талаптары, халықаралық жүк жөнелту құжаттары, СМР және қазақстандық рұқсат құжат бланкісінің болмауы болып табылады.

Шараның алғашқы күні көлік заңнамасын бұзған 20-ға тарта дерек әшкере болды. Оның сегізі шетел азаматтарына тиесілі. Бүгін оларға тек ескерту жасалды.

Александр Андреев, көлік иесі /Ресей/:

- Қазақстанға 7 жылдан бері келіп жүрмін. Жол сапасы жақсарды. Бүгін тағы бір жаңашыл жобаға куә болдым. Барлық ескертулерді орындап, жүк тасымалы ережелерін бұзбауға тырысамын.   

Павлодар - тоғыз жолдың торабында тұрған аймақ. Соңғы уақытта транзиттік өзен Ертіс бойымен жүк тасымалдау ісі жандана бастады. Сондықтан, бұл бағытта да бақылау күшейтілді.

Ардақ Қайыргелдин, су транспорты бөлімінің басшысы:

- Бірінші рет көп уақыттан бері ағаш кіргізіп Шығыс Қазақстанға транзит өтті.  Және Ресей мемлекетінің кемелері құм мен қиыршық тасуды ұлғайта бастады.

Жылжымалы көліктік бақылау бекеттері теміржол транспортын да тексерді. Қыс бойы «Жылы вагон» акциясы өткізіледі.

 Ерлан Қабылдинов, «ҚТЖ» АҚ «Солтүстік» филиалының учаске жетекшісі:

- Қазір резервте 100 тонна көмір бар. Вагондарымыз жаңартылып отыр. Келесі жылы 31-ші, 32-ші пойызды «Экспресс Тальго» қыламыз.

Көлікке шамадан тыс жүк тиеген және габариттік өлшемдер бойынша заң бұзғандардан бюджетке 140 млн теңгеден астам қаржы өндіріліп алынды. Шетелдік көлік иелері 46 млн теңге айыппұл төледі.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу