Қазақ қызы Ресей президенттігіне үміткер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ қызы Ресей президенттігіне үміткер

10.11.2017

«Ресейдің келесі Президенті қазақ болуы мүмкін». Әрине, бұл мәселені электорат шешеді. Алайда, қандасымыз Эльвира Қалметқызы Агурбаш белді бекем буып, 2018 жылы көрші елде өтетін президент сайлауына түскелі отыр. 1996-шы жылдан бері Ресейден тұрып жатқан қазақ қызы – бұл күндері бүкіл елге танылған іскер адам.

Эльвира Агурбаш – Ресейдегі белгілі бизнесмен әйелдердің бірі. Ол Жамбыл облысының Құмшағыл деген шағын ғана станциясында дүниеге келген. Небәрі 21 жасында Мәскеуге қоныс аударған қандасымыз заңгер мамандығын алып, талай салада тер төкті. Қазір Мәскеу облысындағы ең ірі агрошаруашылықтың бірін басқарады. Эльвира Қалметқызы соңғы жылдары саясатқа да араласа бастады. Осылайша, оның өмірі, тұрмысы өзгерді. Өзгермеген бір нәрсе ғана бар, ол - өзінің шыққан тегіне, туған жеріне, ана тіліне деген ыстық ықылас.  

Эльвира Агурбаш, РФ президенттігіне үміткер:

- Мен  Таразда туылған қазақтың қызымын. Қазақстан  - менің тарихи Отаным. Онда менің аталарым, апаларым қалды. Әкемнің әкесі соғыс кезінде Берлинге дейін барды, Маньчжурияға дейін жолы жетті. Әке-шешемді 2013 жылы Мәскеуге алып кеттім. Қазір олар үлкен кісілер, 70-ке кетті.

Ұжыммен жиналыс ашып, қаржылық мәселелерді шешу, цехты аралап, өндірістік процесті бақылау. Мұның барлығы Эльвира Агурбаштың күнделікті жұмысы. Ол қарамағындағы әрбір қызметкерімен тікелей сөйлесіп, бар мәселені назарда ұстайды. Кәсіпкер «үлкен компанияны ғана емес, үлкен елді де басқаруға дайынмын», -  дейді. Сол себепті, 2018 жылы өтетін Ресей президентінің сайлауына түскелі отыр.   

Эльвира Агурбаш, РФ президенттігіне үміткер:

- Мен қарапайым отбасында өскен адаммын. Сондықтан, менің сайлауалды бағдарламам бірінші кезекте жастарға, балаларға және қарттарға арналған. Елдің табиғи қазба байлықтары халыққа тиесілі болу керек. Ауылды жерлерде, зауыттарға жұмыс істейтін азаматтар лайықты өмір сүруі керек. Медициналық қызмет қолжетімді болуы қажет. Міне, сонда ғана біз өзімізді ұлы державамыз деп айта аламыз. 

Бір айдан соң Ресейде үлкен науқан басталады. Яғни, президент сайлауына қатысатын кандидаттар ресми тіркеуден өтіп, үгіт-насихатқа кіріседі. Әзірге 10-нан аса адам сайлауға түсетіндерін көпке жариялады. Олардың арасында Ресейдің келесі президенті лауазымынан үмітті Эльвира Қалметқызы да бар.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу