Сириядағы соғысқа қатысқан батысқазақстандық тұрғын 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу кезінде оның Халықаралық террористік ұйымға мүше болғаны анықталды.
Жанат Арыстанов - ағылшын тілін жетік меңгерген, жоғары білімді азамат. Бөрлі ауданы Ақсай қаласында тұрған 38 жастағы азамат шетелдік компаниялардың бірінде қызмет атқарған. 2008 жылы «салафит» ағымының шырмауына іліккен. Кейін үйленіп, төрт жыл бұрын Біріккен Араб Әмірлігіне көшіп кеткен.
Сириядағы содырлармен бірге әскери-жаттығудан өтіп, соғыс қимылдарына қатысқан. Уақыт өте, таңдауының терістігіне көзі жетіп, Халықаралық террористік ұйымнан қашып шыққан. Әйелі, төрт баласымен Түркия аумағында жасырынып жүріпті. Ол биыл көктемде ұсталып, елге қайтарылды.
Найля Жүнісова, Орал қалалық сотының судьясы:
- Арыстанов Жанат Бақытжанұлын ҚР ҚК-нің 164, 233, 257-баптары бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын орта қауіптіліктегі түзету мекемесінде өтесін.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ