Бейтаныс қызға бүйрегін берген жігіт өкінбейтінін айтты
Арыс қаласында тұратын Жәмила Байсерікова енді он екі мүшесі сау адамдармен бірдей өмір сүреді. Себебі, дәрігерлер бүйрек трансплантация операциясы сәтті болғанын жеткізді. Абзал мен Жәмилә - түйдей құрдас. Олар қазір бір отбасының балаларындай жақын араласады. Операция Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында жасалды.
Мирас Мұқаш,тілші:
- Бұл орталықта жылына 60-70 бүйрек трансплантациясы жасалады. Жалпы, еліміз бойынша 3 мыңға жуық адам донорға мұқтаж екен. «Ал Жәмилаға бүйрегін беруге келіскен азамат дер кезінде жолыққан», - дейді дәрігерлер.
Жәмилаға бір бүйрегін берген Абзал Әділов әуел баста теледидар арқылы бүйрегі істемей қалған Жанар Базарбекова деген келіншекті көріп, соған көмектескісі келген. Бірақ, оған күйеуінің донор болатындығын біледі. Осыдан кейін Жәмиланың ауыр жағдайын естіп, дереу қыздың анасына хабарласқан. Алайда, жігіттің ата-анасы перзенттерінің бұл ісіне қарсы болған. Өйткені, ол отбасындағы жалғыз ұл. Десек те, келісімдерін беріпті.
Абзал Әділов, Орал қаласының тұрғыны:
- Өмірде тұрарлықтай бір жақсылық жасайын дедім. Сол үшін батыл қадамға бардым десем болады. Өкінетін ештеңе жоқ. Өкінетін болсам, келмес едім ғой. Жылымыз бірдей. Қарындасым ретінде қараймын. Оның да інісі бар. Іні болып келеді маған енді.
Жәмила Байсерікова Шымкенттегі педагогикалық институтты тәмамдап, аудармашы боламын деп жүргенде екі бүйрегі бірдей істемей қалады. Ата-анасы мен бауыры жанұшырып, донор іздейді. Тіпті, алаяқтарға алданып, қыруар қаржысынан айырылған. Ең ақыры, оларға Абзал хабарласалы.
Құрмангүл Құлмырзаева, Жәмила Байсерікованың анасы:
- Иманды, жақсы бала екен. Ол баланың ата-анасына да, өзіне де рахмет. Бізге әрдайым келіп тұрады.
Қазір Абзал Әділов осы отбасының бір баласындай. Ауруханаға келіп тұрады. Денсаулығы жақсы, өз ісіне өкінбейді. Бір-екі ай Алматыда дәрігерлер назарында болуы тиіс. Оның мамандығы - құрылысшы. Сондықтан, жұмысынан уақытша босады. Ал, Жәмилаға операциядан кейін тыныштық керек. Сондықтан, дәрігерлер бойжеткеннің сұхбат беруіне рұқсат еткен жоқ.
Равиль Ибрагимов, бүйрек трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі:
- Ота жақсы өтті. Жәмиланы үйіне шығаруға дайындап жатырмыз. Абзалды 3 тәуліктен кейін операциядан соң шығардық. Бүгінгі жағдайына қарағанда Жәмиланың операцияға дейінгі жағдайы өте нашар еді. Оның қазір жағдайы жақсы. Өзі тамағын жеп, суын ішіп, жүре алады.
«Абзалдың бұл шешімі - нағыз ер азаматтың ісі. Бейтаныс қызға бүйрегін сыйға тартқаны адамгершіліктің ең биік шыңы, десек те қателеспейміз», - дейді дәрігерлер. Себебі, қазір елімізде донор тапшы. Ал, өмірде қайырымдылыққа жаны құмар, ізгі іске ынтық Абзалдай азаматтардың барына тағы бір рет көз жеткіздік.
Мирас МҰҚАШ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы