Ақтауда бұрынғы түрме басшыларына қатысты сот үкімі шықты. Осы жылдың шілде айында 4 түрме қызметкеріне қатысты бірнеше іс қозғалған болатын. Түзеу мекемесі жедел тобының экс-бастығы Айнақұловтың 25 000 теңге пара алғаны дәлелденіп, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, ГМ-172-6 мекемесі бастығының орынбасары қызметін атқарған Қуатбековке 3 млн 329 мың теңге айыппұл салынды. Сотталушылардың дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтен аластатылды.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айында жазасын өтеушілер аталған азаматтардың оларды ұрып-соққаны, пара алғаны туралы шағым түсірген еді.
Мәлік Кенжалиев, Ақтау қалалық сотының төрағасы:
- Мемлекеттік қызметтен белгілі лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын орташа қылмыстық мекемелерде өтеу белгіленсін.