«Үйіндінің астында қаламын ба?» деп шыбын жанын шүберекке түйіп, әр күнін үреймен өткізген отбасылардың барлығы жаңа пәтерлерге көшті. Тұрғындардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Өйткені, шаттыққа толы бұл күнді олар ұзақ күтті.
Қаракөз Жүгінісова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
- От жақпаймыз, жылу су ішінде ағып тұр. Дәріхана мен ванна да бар. Қуанышымызда шек жоқ. Бір жағынан жаңа үй алған соң толқып та тұрмыз.
Қаракөз Қайнарбаев көшесіндегі апатты үйде тұрды. Бірақ, үй деген аты ғана. Қабырғасы қақырап, төбесі ортасына түскелі тұрған ғимарат. Оның үстіне коммуналдық мәселе шешілмеген. Бірақ, амалсыз 18 отбасы осы жерді паналады.
Мырзабай Қойшыбаев, қала тұрғыны:
- Күннен–күнге үйдің қауіптілігі күшейіп келеді.
Тілші: Бұл кісінің баспана мәселесін айтып бармаған жері қалмады. Бізді бірнеше мәрте шақырды, ал, біз халықтың мұқтажын билікке жеткізуге тырыстық.
Нәтижесі міне, 18 отбасы түгелдей жаңа баспанаға қоныс аударды.
Маржан Нұрылдаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:
- Үйіміздің барлық жағдайы жақсы жасалған. Іші жылы, ескі үйде қиналып кетіп едік, енді жаңа үйде қуанышымызда шек болмай жатыр. Ризамыз.
305 пәтерлік 6 көпқабатты үй бір күнде пайдалануға берілді. Апатты үйдің тұрғындарының барлығына пәтер кілті бір мезетте табысталды.
Роза Сұлтанова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
- Менің ол жақта тұрғаныма 40 жыл болған, кезекте тұрғаныма 5-6 жыл болды. Жеттік па, жетпедік па деп қуаныштан жүрегіміз жарылайын деп жүрміз.
2015 жылы 19 үй апатты болған, 500-ге жуық адам баспана кезегінде тұрды. Небәрі екі жылдың ішінде өзекті мәселе түбегейлі шешілді. Енді Сыр елінде құлайын деп тұрған үй жоқ.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ