Басты Жаңалықтар Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы журналистер жолдаған сауалдарға берген жауабының сапасына байланысты болуы мүмкін

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы журналистер жолдаған сауалдарға берген жауабының сапасына байланысты болуы мүмкін

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы олардың журналистер жолдаған сауалдарға берген жауабының сапасына байланысты болуы мүмкін. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәруен Абаев айтты. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістерді қамтыған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Жалпы алғанда, құжатқа 200-ден астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек.

Былтыр Үкімет сағатында министр Дәурен Абаев «БАҚ саласындағы кейбір түйткілдерді келер жылы заңға кіргізіп, Парламентке алып келеміз», деп еді. Сол уәдесінде тұрды. Жаңа құжатта жаңалық көп. Енді мемлекеттік қызметкерлердің өздері БАҚ өкілдеріне беруге, ақпарат жариялауға ынталы болады. Өйткені, табысы соған байланысты болады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Яғни, егер ол журналиске жауап бермесе, оның рейтингі түседі. Ол дегеніміз аз жалақы мен аз бонус алады деген сөз. (...) Қызметкерде арнайы KPI жеткен жетістіктерінің көрсеткіші - автор.) болады. Ол сол көрсеткішке сәйкес болуы тиіс, соған байланысты жұмыс істеуі керек. Ал, басшысы оны бақылап отырады - KPI-ге сәйкес пе, жоқ па.

Енді мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тек отандық телеарналар көрсетіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың суретін рұқсат сұрамай жариялауға болатыны айқындалды. Мысалы, ол көпшілік жаппай қатысатын мәдени, спорттық және басқа да шараларға, жұрт алдында сөз сөйлеуге қатысты. Депутаттар «ақпарат барынша қолжетімді болуы тиіс», дейді.

Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасында норма бар. Онда ақпарат иелері 15 күннің ішінде журналист сауалына жауап бере алады делінген. Жұмыс тобының отырысында депутаттар бұл мерзімді 10 тіпті 5-7 күнге қысқартуды ұсынған болатын. Осы ұсынысқа көзқарасыңыз қандай?

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Біз бұл ұсынысты қарап, жұмыс топтарының отырыстарында қысқаратын уақытты бекіте аламыз.

Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен баланың жеке басын анықтайтын кез келген ақпаратты, оның суретін ақпарат құралдарында жариялауға шектеу қою ұсынылып отыр. Сонымен қатар, күмәнді ақпаратты жариялағанда туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу тәртібін өзгерту жоспарлануда.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 21-бапқа өзгерістер енгізілмек. Онда журналистер ақпаратты жариялау үшін жеке тұлғадан өмірі туралы, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны жариялау үшін рұқсат алуы керек. Өзге құпияға не жатады?

Зәуреш Баймолдина, ҚР Әділет министрінің орынбасары:

- Бұл банктік, жеке қызметтік құпиялар болуы мүмкін. Яғни, заңмен қорғалған деп отырмыз. Заң белгілі ақпарат құпия ақпаратқа жатады деген жағдай.

Қазақстанда 600 мыңға тарта отбасы «сұр» спутниктік тарелкаларды пайдаланып жүр. Жалпы елімізде 1,5 миллион адам қазақстандық телеарналарды қарамайды.

Әлия Сапарова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Еліміздегі азаматтардың біраз бөлігі «сұр» тарелкаларды пайдаланып, отандық БАҚ таратқан ақпараттардан тыс қалып отырғанын атап өтті. Осы орайда аталған салаға бақылау қалай жүргізіледі?

Министр Дәурен Абаев заң жобасы бойынша аталған салада лицензия мен өзінің спутниктік жүйесі жоқ операторларға тыйым салу нормасы ұсынылып отырғанын айтты.

Дмитрий Голованов, ЕҚЫҰ сарапшысы:

- Әрине, бұл құжаттың халықаралық талаптарға сәйкес келетіні қуантады. Заң жобасын қабылдау БАҚ саласындағы жағдайды төмендетпейді. Айта кетерлігі, заң жобасы құқықтық реттеуді жүзеге асырады. Қор бар, ол әрине заң.

Ақпарат және коммуникациялар мәселелерін қамтитын бұл жобада 12 заң мен 4 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

 

Индира БЕГАЙДАР

Бөлісу