Болашақ ойындарында мыңға жуық волонтер қызмет етеді
Келер аптада Астанада спорт әлеміндегі жаңа бағыт Болашақ ойындарының жарыстары басталады. Байрақты бәсекеге дайындық қызу жүріп жатыр. Ауқымды шараны ұйымдастыруға мыңға жуық волонтер тартылмақ. Ұйымдастырушылардың сөзінше ерікті болуға 1400-ден астам адам өтініш білдірген. Олардың әзірлігі жайлы тілші материалында.
29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана әлемдік киберспорттың орталығына айналмақ. Болашақ ойындарының ерекшелігі онлайн ойындар мен кәдімгі спорт түрлерін бір алаңда ұштастырады. 35-тен аса елден келетін қонақтарды қарсы алу үшін еріктілер дайындықты пысықтап жатыр. Ойындар кезінде 800 волонтер тұрақты жұмыс істейді. Тағы 200 адам резервтік құрамда болмақ. Қатарында 70 жастағы қариялар да бар.
Байғали Ниязқұлов, волонтерлер бөлімінің басшысы:
Күміс волонтерларымыз аталарымыз, апаларымызды алдық. Өйткені олардың волонтерлікке қызығуы өте үлкен. Бізге келіп түскен жүз шақты күміс волонтеріміз бар. Біз үлкен кісілерді жүгіретін жұмыстарға емес, осы штабтағы жұмыстарға қойдық.
Жарыс кезінде еріктілер 16 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Спорт сарайларында бағыт-бағбар беру, әуежайдан қарсы алу, көлікпен қамтамасыз етуге дейін атсалысады. Еріктілерді іріктеу кезінде шет тілдерін білуге басымдық берілген. Бұдан бөлек олар бірнеше кезеңнен тұратын арнайы курстан өтіп жатыр.
Семира Сейітжан, волонтер:
Негізгі критерий бойынша волонтерле үш тілді жетік меңгеруі керек. Бізде басқа да волонтерлер бар француз және итальян тілдерін меңгерген. Мысалға біз оқу бағыттарынан өтеміз. Қазір біз объектімен танысып, оқып жатырмыз.
Еріктілер еңбегі үшін жалақы төленбейді. Ұйымдастырушылар
оларды медициналық сақтандырумен қамтамасыз еткен. Арнайы бейджі бар еріктілер
қаладағы қоғамдық көлікті тегін пайдаланады. Ойындар аяқталған соң
қатысушыларға сертификаттар, сыйлықтар және кәдесыйлар табысталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы