Астана маңайында Ақмола облысының 4 ауданы бар. Сол аудандардағы 37 шаруа қожалығы 2000-нан аса жылқыны елорда тұрғындары үшін қысқы соғымға дайындап отыр. Себебі, санаулы аптадан кейін қазақтың дәстүрлі науқаны - соғым басталады. Сұраныс көбейіп, сөредегі баға құбылады. Сәйкесінше, қала тұрғындары қымбатшылыққа ұрынбас үшін Ақмола облысы арнайы «Соғымға дайындық» атты жобасын бастаған.
Соғым – қыстың қамы, соғым- салт, салтанат. Ендеше, әзірлік қандай? Әлбетте, ет дегенде Астана әуелі Ақмола облысына иек артады. Ал, бұл өңірдегі шаруа қожалықтары соғымға сай отыр. Мәселен, «Алтын таға». Бұл серіктестік елорданың етке деген сұранысының 30 пайыздан астамын қамтуға қауқарлы. Қазірдің өзінде 200 жылқы, мың бас ірі қара мен 3 мыңнан аса қойды дайындап қойған. Баға төмен. Себебі, делдал жоқ.
Сағади Нығметов, «Алтын таға» ЖШС үйлестірушісі:
- Біздің мақсатымыз - даладан өсіру, күту, әкеліп сою. Тазалық орнында сою. Сөреге шығару. Ол кезде баға өзі-ақ белгілі болып шығады.
Бұл шаруа қожалығында ет базары бар. Таңдаған түлікті делдалсыз сатып алып, тіпті, жіліктеп әкетесіз. Мамандар сапасын қадағалап отыр. Сондай-ақ, шұжық өндіретін цех те іске қосылған. Осы ретте, соғыммен сабақтасқан сүйінші бар. Аймақ Астанадан «Ақмола» атты сауда нүктелерін ашпақ.
Мұрат Балпан, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Желтоқсан айында Астана қаласында 3 сауда орны ашылады. Онда делдалсыз өндірушіден тікелей тауар қойылады. Сүт және ұн өнімдері де болады. Бағасы да халыққа қолайлы. Болашақта сондай сауда орындарының санын 20-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Демек, елордалықтар еттен таршылық көрмейді. Қаласаңыз, қоянның да еті бар. Мәселен, Астананың іргесіндегі шаруашылықта қазір 1500 бас қоян өсірілуде. Сұраныс көп демесек те, кәсіп ауанды.
Аршалы ауданындағы макарон фабрикасы. Іске қосылғанына бар болғаны екі ай. Соның өзінде сұраныс көп. 100-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған.
Мұнда макарондардың 10 түрі жасалады. Олар ешқандай қоспасыз, таза ұн мен таза судан дайындалады. Жалпы, бұл фабрика сағатына бір тонна өнім шығаруға қауқарлы.
Фабрика тәулігіне 24-26 тонна өнім шығарады. Ақмола облысы мен Астана - тауардың негізгі тұтынушылары.
Амур Кисишвили, фабрика директоры:
- Болашақта ұннан жасалатын басқа да тағам түрлерін дайындау жоспарымыз бар. Ол жобаны келесі жылы қолға аламыз. Ойлаған істі жүзеге асыруға мүмкіндігіміз жеткілікті.
Осылайша, Ақмола облысы Астананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге күш салып отыр. Ондағы мақсат - тауарды өнідірушіден тұтынушыға тікелей делдалсыз жеткізу.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ