Басты Жаңалықтар Қатаң үнемдеуге қарсы жалпыұлттық шеру өтіп жатыр

Қатаң үнемдеуге қарсы жалпыұлттық шеру өтіп жатыр

Бельгиялықтар бүгін жұмысты қойып, жаппай шеруге шықты. Халық үкіметтің қатаң үнемдеу шараларына, жаңадан қабылданатын зейнетақы реформасына наразылық білдіріп жатыр. Жаңа өзгертулерге сәйкес, зейнетке шығу жасы ұлғайтылып, зейнетақы жұмыс өтіліне байланысты тағайындалмақ. Брюссельден әріптесім Нұрсұлу Қасым бізбен байланыста. Нұрсұлу, бүгін осы ереуілге байланысты Бельгия әуежайларынан ұшатын барлық рейс кейінге шегерілгені рас па?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қайырлы кеш, әріптес! Иә, бүгін Брюссель, Шарлеруа әуежайларынан ешқандай ұшақ ұшып жатқан жоқ. Әуедиспетчерлер, әуежайдың қауіпсіздігіне, жүктерді тиеуге жауапты қызметкерлердің барлығы осы жерде наразылық акциясына қатысып жатыр. Бұл жыл басынан бері ұйымдастырылып отырған алтыншы ереуіл. Осындай шерудің кесірінен биыл 250 мың жолаушы жолынан қалып, Бельгия экономикасына 150 млн еуро шығын келген. Шерушілер үкіметтің жалақыны, зейнетақы қысқартуына қарсы. Түнгі уақытта жұмыс істейтін мамандық иелері де жаңа ережеге наразылық білдіруде. Сұхбатты бірге тыңдайық.

Филипп Ван Гойе, кәсіподақ ұйымының өкілі:

Егер, сен зейнетке 67-де емес, ерте 62 жаста шығатын болсаң, онда зейнетақыңның 25 пайызын жоғалтасың, үкімет ерте шыққаның үшін қысқартып тастамақ. Сұмдық қой. Үнемдегісі келсе, байларға салықты көбейтсін.

Фредерик Кильсор, әлеуметтік қызметкер:

Мен сияқты түнгі ауыссымен жұмыс істейтіндердің сыйақысын, жалақысын кесеміз дейді. Үкімет жаңа туған баладан, қарияға дейін бәріне тиесілі ақшаны бермеудің түрлі амалын жасауда.

Дәрігерлер,  әлеуеттік сала мамандары, өрт сөндірушілер, әскерилер, азаматтық қоғам өкілдері елдің түкпір түкпірінен жиналуда. Шерушілерді Брюссельге жеткізу үшін теміржол компаниясы бүгін қосымша 12 пойыз іске қосқан. Брюссельде бірен-саран автобус, трамвайдан басқа қоғамдық көлік тоқтаған. Себебі, жолаушылар тасымалдаумен айналысатын компанияның жүргізушілері де осы жерде. 30 мыңға жуық ұстаз жұмысқа шықпағандықтан, бүгін Бельгияның бірқатар мектебінде сабақ жоқ. Кәсіподақ ұйымы өкілдері бүгінгі наразылық акциясына 100  мыңнан астам адам қатысады деп отыр. »Бейбіт түрде басталған шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін» деп полиция қызметкерлері көзді жасаурататын газ бен су шашатын көлікті дайындап отыр, студия!

Бөлісу