Пойыз астына түсіп, аяғынан айырылған 43 жастағы астаналық әйел көптің көмегіне зәру. Төтенше жағдайға тап болған жанның төлқұжаты, тұрақты жұмысы, тіпті қолұшын беретін жақын туыстары да жоқ. Жантүршігерлік оқиға қала шетіндегі шағын аудандардың бірінде болған. Түскі уақытта шаруаларымен жүрген Айман Әубәкірова теміржолдан өтіп бара жатып, тұтқиылдан келген пойызды аңдамай қалған. Екі апта бойы емдеу шарасын жүргізген дәрігерлер қазір науқастың жағдайы бірқалыпты екенін айтады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
- Оқиға шаһар шетіндегі Лесозауыт деп аталатын аумақта орын алған. Тұрғындардың айтуынша, теміржолдан өтетін айналма көпір өте алыс орналасқан. Сондықтан да бақытсыз оқиғаның тағы да қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Өтуге болмайды деген белгі де жоқ. Күзетшілер де көрінбейді. Күндегі әдетпен төтелеген Айман қатар келген қос пойыздан есі шыққан. Айналып өтемін дегені сол еді, темір тұлпардың қатты соққысы бір аяғымен қоса, екінші аяғының басын жұлып кеткен.
Айман Әубәкірова, емделуші:
- Бір аяғымның қалып бара жатқанын көрдім. Қан атқылап жатыр. Бір уақытта қарасам, аяғым секіріп жатыр екен.
Жанары жасқа толған жабырқау жан қас-қағым сәтте мұндай күйге түсем деп ойламады. 70 пайыз қан жоғалтқан науқасқа жедел жәрдем бір сағаттан соң жеткен. Абырой болғанда жаны аман қалды.
Александр Степанов, травматолог:
- Қазіргі уақытта қозғалуы, жүруі қиын. Ал протездеуге мемлекет тарапынан көмек алу үшін қазірден бастап құжаттар жинау керек.
Енді науқас мүгедектікке байланысты жәрдемақыны рәсімдейін десе, төлқұжаты жоқ. 98 жылдары жоғалтып алып, қалпына келтіре алмаған. Жолдасы қайтқан жесір әйел бес жыл бұрын амалсыздан Астанаға келіп, қара жұмысқа орналасады. Ал, екі қызы болса өзге қалада студент. Бүгін емделушінің ауруханадағы соңғы күні. Барар жері басар тауы қалмаған Айманның сүйеніші - әріптесі Жанаргүл ғана.
Жанаргүл Бейсенбекова, қала тұрғыны:
- Пәтер жалдап тұрып жатсам да, жоқ болса да, жоқтың жомарттығын жасауға тырысып жатқаным.
Протездеу, мүгедектікке берілетін көмек, үй мәселесі. Айман Бекболатқызының бұл мәселелері бізді де бейжай қалдырмады. Бірден Халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласып, оқиғаның мән-жайын түсіндірдік.
Еркебұлан Амантаев, Астана қаласы бойынша мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:
- Жағдаймен таныстық. Ең бірінші құжаттарын қалпына келтіруіміз қажет. Туу туралы куәлігін алдыртамыз. Кейін жеке куәлігіне тапсырыс береміз. Кейін мүмкіндігі шектеулі дегенге құжат тапсырамыз. Болашақта үй кезегіне тұру мүмкіндігін қарастырамыз.
Бұл жаңалықты естігенде үміті үзілген жанның жүзіне сәл де болса жылулық ұялады. Құжатының реттеліп, өзге де мәселелерінің шешілуін біз де басты назарда ұстаймыз.
Егер Айман Әубәкіроваға қолұшын танытып көмек беремін деушілер болса, телефон нөмірі көрсетілген.
Айман Әубәкірова: 8778 871 72 10
Жанаргүл Бейсенбекова: 8747 200 16 16
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ
