Басты Жаңалықтар Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылының жұрты Ұлттық арнаға базынасын айтты

Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылының жұрты Ұлттық арнаға базынасын айтты

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылының жұрты Ұлттық арнаға базынасын айтып келді. Әлеумет бес жылдан бері қотыр жолдан мезі болдық, жарыққа жарысақ таудай қымбат бағасы қалтамызды қақты деп ашынып отыр. «Ал, жергілікті билік түйткілді тірлікті шешуге келгенде қауқарсыз», - дейді халық. Сондай-ақ, 7000-ға жуық түтіні бар елді мекенде әлі күнге дейін аурухана жоқ.

Бірнеше жылдан бері жөндеу көрмей, тас-талқаны шыққан жолдардан жұрт әбден шаршаған. Көлік түгіл, тіпті адам кібіртіктеп жүреді. 

Жанар Малдыбайқызы, Жаңалық ауылының тұрғыны:

- Біздің үйдің өзінен үш бала балабақшаға қатынайды. Балабақшаға маған үшеуін апару өте қиын. Мына жолмен не коляска, не шана сүйрей алмаймын.

Жол мәселесінен бөлек, ауылдықтарды электр қуатының қымбатшылығы да алаңдатады. Мұнда жарықтың құны өзге ауылдарға қарағанда, екі есе қымбат. 

Лаура Базарханова, Жаңалық ауылының тұрғыны:

- Тарифты 29 теңгеден 19 теңгелікке өткізбей отыр.

Тұрғындар жарықтың ақшасын жергілікті коммуналдық бөлімге емес, делдалдың қолына ұстатады. Ал, ол «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаның» кебін келтіреді.

Гүлмира Дәмешова, Жаңалық ауылының тұрғыны:

 - 29 теңге деп отыр.Мемлекет 22 теңгеден береді. 12 пайыз НДС-і бар, менің ремонтым бар.

Жарықты қойыңыз, жұртшылық: «Бір ауруханаға жарымадық. Дерт дендесе жанымызды шүберекке түйіп, Алматыға сабыламыз», - дейді. 

Жаңалық ауылының жергілікті тұрғындары бір ауруханаға жарымай отыр. Ауылдағы медициналық бөлімшеде ересектер тұрмақ, кішкентай балаларға көмек көрсетілмейді. Биыл осы жылдың шілдесінде  5 адам қалалық ауруханаға жете алмай, қайтыс болған.

Нұрмахан Күзембаев, Жаңалық ауылының тұрғыны:

- Дәрі деген жоқ. Өзіміз мыңдап сатып аламыз. Халық не істейді?!

Көпшіліктің көлдей мәселесін естіген әкім «мұны мен шеше алмаймын», деп Үкіметке жөн сілтеді. Сөйтіп, сөзін баяғы құрғақ уәдемен шектеді. 

Жандос Ясинов, Қайнар ауылдық округінің әкімі:

- Аудан, облыс, республика көлемінде шешілетін нәрсе. Осы 2012 жылы қалай қосылды, содан бері қарастырып жатыр.

Ал, әкіммен жүздескеннен кейін тұрғындар Жаңалықтың жағдайы жақсарып кетеді дегенге сенбейді.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Бөлісу