Павлодар облысында шаруалар кооперативтен бөлініп шықпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында шаруалар кооперативтен бөлініп шықпақ

01.11.2017

Кооперативтерге қатысты дау шықты. Павлодар облысында 40-қа таяу шаруа қожалығы «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамынан шығамыз - деп шу көтерді. Себебі, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан нақты көмек жоқ,-дейді диқандар. Мәселен, кластерлік бағытта астық сақтауға қажетті элеваторды тиімді бағамен сатып алуға жыл басында берілген өтініш уақытында қаралмады. Шешім әлі қабылданған жоқ. Оның үстіне биыл кооператив тұқымға бөлінетін жылдағы субсидиядан да қағылған.

Астықты аудан Ертіс пен Железинкадан 40-тан аса шаруашылық біріккен «Ертіс Агро» кооперативі көктемгі егіс пен күзгі орақ кезіндегі машақаттан құтылып, біржола шаруаға бет бұрған еді. Алайда, жақында жеке шаруашылықтарға берілетін мемлекеттік көмек бұдан былай кооператив мүшелеріне берілмейтіні белгілі болды.

Ерлан Тоқтышақов «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

-Ауыл шаруашылығы министрлігі кооперация туралы заңды басқаша бұрмалап, диқандарды тұқым үшін берілетін субсидиядан қағып отыр. Екіншіден, несиелендіру пайызын өсіріп жіберді. Мысалы, жеке шаруа 8 пайыздық несие алады, ал кооперацияға 16 пайызбен беріледі. 

Бір бұл ғана емес. Мәселен, бидайды тазалап, кептіріп, сақтағаны үшін элеваторлар жыл сайын бағаны көтереді. Сондықтан,  «Ертіс Агро» кооперативі элеватор сатып алуға өтініш берген. Алайда, көктемде жіберілген құжаттың жауабы жазымен күттіріп күзде келді. Бұл тұста да жеңілдетілген несие бұйырмайтын сыңайлы.      

- Болат Аманжолов «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ облыстық филиалының директоры:

-Бұл жобаға 217 млн. теңге қаржы бөлінетін болды. Бірақ, кейбір құжаттарын толықтыру қажет. Кооператив жұмыс істеп тұрған элеваторды сатып алғалы отыр.  Яғни, бұл өтініш аграрлық несиелеу талаптарына жауап бере алмайды. Сондықтан, 16 пайыздық үстемемен қаржыландырылады. Модернизациялау немесе инвестициялық бағдарлама болған жағдайда 8 пайыздық өсіммен несие беруге болар еді.    

Яғни, кооператив әзірге бидайды тиімді бағамен сата алмайды. Бұдан бөлек, шаруалар тұқым сатып алғаны үшін төленетін 20 млн.теңге көлеміндегі субсидиядан қағылдық, деп отыр.

 Қайрат Құсайынов, «Кәусар» шаруа қожалығының басшысы:

-Бұл кооперативте қала берудің тиімділігін көріп тұрған жоқпын. Бұл бағытта ары қарай жұмыс істеу қажет пе? Басы өте жақсы басталды. Ал, ары қарай дамимыз деген жолды көріп тұрған жоқпыз.

Ал, Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі мүлдем басқа. 

Ораз Дюзденбаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-«Ертіс Агро» мүшелеріне осы жаз бойы тұқым субсидиялары толық 100 пайыз төленді. 8 млн. теңгедей қаражатты желтоқсан айына жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі тізімдеріне өзгеріс енгізсе, сол субсидия толық төленеді.

Кооператив ұсынған жобалар «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасының шарттарына сәйкес келеді. Сондықтан,  «Ертіс Агро» кооперативінің басшылығы енді салаға жауапты Министрліктен заң жүзінде талап етпек. Бүгін ұжым арыз-шағымдарын сотқа тапсырды. 

 Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу