Оңтүстік Қазақстан облысы Кеңсай ауылындағы мектептің директоры мемлекет мүлкін оңды-солды сатып, талан-таражға түсіріп жатыр. Осылай деп арнамызға шағымын айтқан ата-аналар білім ұясы басшысының маскүнем екенін де ашына жеткізді. Ауылдағы мектепте 160-қа жуық оқушы білім алады. Ересектер директордың ұстазға лайықсыз әрекеті мен бейәдеп жүріс-тұрысы балалардың тәрбиесіне кесірін тигізе ме деп алаңдаулы.
Мектептің партасы мен 5-6 орындығын Әсем Құлмаханова қазір үйіндегі асханаға пайдаланып жүр. Оның айтуынша, мұндай жиһазды ауылдағы әрбір үйден кездестіруге болады.
«Мектепте директордың бас пайдасы үшін арзымайтын ақшаға сатылып жатқан өзге де дүние жетерлік. Партаны былай қойғанда, білім ұясын жылытуға бөлінген көмірді биыл көктемде директор ауылдастарына сатып жіберді»,-дейді ол.
Әсем Құлмаханова, ауыл тұрғыны:
- Ақтасқа 15 тонна, Кеңсайға 15 тонна көмір сатылған. Мұны осы Кеңсайдағы мектептің завхозы өзі айтқан. Көрген адам менің ауылдас көршім. Үйдің қасына түсіріп, бәрі бөліп алған.
Кеңсайдағы мектепті жылытуға жылда қазына қаржысына 180 тонна көмір сатып алынады. Көктемде оның біраз бөлігін аудандық білім бөлімінің рұқсатымен көрші ауылдағы мектеп тасып алады. Алайда, ол кезде мектеп директоры біліктілігін жоғарылату курсында жүргендіктен, бұл іске оның міндетін атқарып жүрген қызметкер жауапты болған.
Бауыржан Адиллаев, мектеп директоры:
-15 тонна көмірді Кеңсай орта мектебінен рұқсат визамен босатқан білім бөлімінің басшысы. Бұл жердегі директор Райжанов 15 тоннаны босатқан, ал Жандос Бектаев оны Ақтасқа қабылдап алған. Сөйтіп, жаратып, кіріс-шығысын жасаған.
Ауыл азаматтарының мектеп директорына тағар айыбы бір бұл ғана емес. Айтуларынша, аузына арақ тисе апталап ішеді.
Дүйсенәлі Нұрбеков, ауыл тұрғыны:
- Бұл кісі көбіне ішіп, мас болып жүреді. Өтірік айтады. Жұмысқа апталап келмейді.
Мектеп басшысы мұны көпе-көрнеу жала, жалған сөз деп отыр.
Бауыржан Адиллаев, мектеп директоры:
- Менің арақ ішіп, мас болып жүрген жағдайым болса заң алдында жауап беруге міндеттімін. Дәлелі болса менің қарсылығым жоқ. Мен ешқашан ішкен емеспін және ішпеймін де.
Екі ортадағы дау бірнеше айдан бері созылып келеді. Жуырда мектеп директоры арызданып жүрген ата-аналарды сотқа берді. Кімдікі жала, кімдікі ақиқат сөз екені енді сот шешімінен соң белгілі болмақ.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
