Биыл Ақмола облысында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 2 миллиард теңгеге жуық қаржы ауылдық жобаларға жұмсалды. Нәтижесінде ауылдағы кәсіпкерлердің саны артты. Қазір кооперативтерге біріккен шаруалар ортақ істен береке тауып отыр.
Қараөзек ауылының тұрғыны Қабиден Иматов мемлекеттік бағдарлама арқылы 4 миллион теңгеге 16 ірі қара сатып алған. Қазір күн сайын сүттің литрін 80 теңгеден тапсырады.
Қабиден Иматов, жеке кәсіпкер:
- Сүт сауып, соны тапсырып жатқан жағдайымыз бар. Күніне 100 литрдей. Жақсы бағамен алып тұр. Аптасына 1 рет ақшасын төлеп тұрады. Бала-шағамызды осы арқылы асырып жатырмыз.
Кооператив өнім сапасы жақсы болу үшін қабылдау бекетін орнатқан. Бұл әсіресе жазда жақсы. Өнімді салқындатып алса, бұзылмайды. Кооператив иесі сүт қабылдау бекетін орнату үшін мемлекеттің қолдауына сүйенді. 5 миллион теңге, соның жартысын мемлекет субсидиялаған.
Құнанбай Серғазинов, кооператив төрағасы:
- Сүт қабылдағыштың жақсы жері жақын ауылдардан әкеліп жинап, алыс жерлерге апара береміз. Қанша градус керек, сонша қоямыз. 2-3 градусқа дейін суытып береді. Осы кооперативтің 31 мүшесі бар. Одан басқа 8 ауылдан 200 отбасы бар, солардан сүтті жинап, зауыттарға апарып жатырмыз.
Осылайша, көктемде құрылған кооператив осы уақытқа дейін зауыттарға 500 тонна сүт тапсырған. Жалпы, облыс бойынша қордың қатысуымен 38 кооператив құрылды. Оның 25-і сүт, ал, 13-і ет бағытында.
Абзал Кенжеахметов, «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ Ақмола филиалы директорының орынбасары:
- Облыс бойынша 2 миллиардқа жуық ақша бөлініп, 25 сүт бекеті құрылды. Сол сүт бекеті бойынша бүгін халық 6 пайыз несиелендіріліп жеке бастарын кооперативтерге біріктіріп, сүтті бір жерге шоғырландырып үлкен зауыттарға тапсыру қарастырылған.
Бағдарлама 2021 жылға дейін жалғасады. Сондықтан, кәсіп ашып, мал шаруашылығын дамытамын деген тұрғындар үшін мемлекеттік қолдаудың талаптары тиімді.
Ермек ЕЛБЕРГЕН