Басты Жаңалықтар Жалақы, инфляция, баға: Медианалық еңбекақы қалай есептеледі?

Жалақы, инфляция, баға: Медианалық еңбекақы қалай есептеледі?

Үкімет алдағы 3 жылға есептелген елдің әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарламасын бекітті.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша: «Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру – экономиканың сапалы әрі орнықты өсуі және инфляцияны төмендету есебінен қамтамасыз етіледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5%-ға және халықтың нақты табысын орта есеппен 2–3%-ға арттыру».

Иә, қазір ең өзекті мәселе – 13%-ға жеткен инфляция. Әйтпесе, табысты жеп барады. «Ақшаның құны жоқ» деп күңкілдеп жүрміз.

Үкімет инфляцияны қалай төмендететінін жалпылама түсіндіреді. Сонымен бірге ең төменгі жалақыны көтеру керегін де түсінеді. Әйтеуір, алдағы 3 жылда қарастыратындарын айтты. Осы күзде бюджетті екшегенде Мәжіліс депутаттары ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге өсіруді ұсынған. Көнбеді.
Қазір еліміздегі ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Миллионнан астам адамның айлық табысы осы мөлшерден аспайды. Үштен бірі одан да аз алады. Бұл мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың өзі айтқан.
Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың есебінше, 85 мың теңге алатындар саны – 1 млн 800 мың. Ал үш миллион адамның жалақысы небәрі 200 мың теңге.
Соңғы апталарда еліміздің бірнеше қаласында жедел жәрдем фельдшерлерінің жалақының өте төмендігін айтып, арызданып жатқаны – амалы қалмағаннан.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
Номиналдық табыс 10 пайыз өсті. Ол аз емес,былайша айтқанда.
Ал басқаша айтқанда, «өсті» деп отырған сол табыс инфляцияға «жұтылып» кетіп жатыр.
Ерділда Тәутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
Инфляция 12,6 пайыз, 10 айдың нәтижесі бойынша. Сондықтан біздің нақты табысымыз минус 2 пайыз болып отыр.
Минус деген құр қағаздағы таңбаемес. Тоңазытқышқа бұрынғыдан кем салынған азық-түлік. Алынбай қалған ақылы қызмет. Тіпті жеткізбей қойған құнды арман.
Бәтжан Ақмолдина, Экономика ғылымдарының кандидаты:
Бұрынғы алып отырған еңбекақыға біз аздау тамақ ала аламыз. Яғни біздің бұрынғы 1 мың тг қазіргі 1 мыңмен салыстыруға келмейді.
Оны жұртшылықтың өзі де айтудан шаршамайды.
Халық көнбіс екен деп өкімет қол қусырып отырмайтын шығар. Минусты плюсқа айналдыру үшін біртұтасжоспар керек. Осы аптада ол бекітілді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бағдарламаның негізгі мақсаттары – экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5 пайызға және халықтың нақты табысын орта есеппен 2-3 пайызға арттыру.
Ерділда Тәутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
Нақты өсім 2-3 пайыз деген – инфляцияны алып тастағаннан кейінгі өсім. Яғни инфляциядан аса табыс жасау деген сөз.
Данияр Қайыртай, тілші:
Демек инфляция деңгейі, мысал үшін, 7 пайыз болса, номиналды табысты 10 пайыз өсіру керек болады. Сонда нақты табыс межеленген 2-3 пайыздық өсім көрсеткен болып шығады.Алайда табысты өсіру деген бір бұйрықпен шешілетін мәселе емес.
Ерділда Тәутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
Үкімет бизнесті мәжбүрлей алмайды: «Сен жалақыны көтер!» деп. Сондықтан үкімет тарапынан бизнестің дамуына жағдай жасау, сонда бизнесмендер өз кәсібін кеңейтсе, сонда сапалы, жоғары табысты жұмыс орындары ашылады. Халықтың орташа табысын көтеру дегеніміз осы.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика Министрі:
Бірақ халықтың табысын көтеру үшін, біріншіден, әрине, инфляцияны төмендету керек.
Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:
Инфляцияны ауыздықтаудың бір-ақ жолы бар. Ол отандық өндірісті дамыту, сосын еңбек өнімділігінің сапасын арттыру. Соның барлығы болатын болса, онда халық ақшасын осы өзіміздің экономикаға құятын еді да, әр адам өзіміздің елге инвестиция салатын еді.
Данияр Қайыртай, тілші:
Халықтың әл-ауқатын көтеру мен инфляцияны төмендету арасындағы екіұдай мәселе – ең төменгі еңбекақының деңгейіне байланысты. Былтырдан бері оның мөлшері – тура 85 мың теңге. Енді оны тағы өсірсе, қымбатшылық үдей түседі деген қауіп бар. Ал өсірмесе, кедейлер кедейлене береді.
Бәтжан Ақмолдина, Экономика ғылымдарының кандидаты:
Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады. Яғни бұл жерде – иә, көтеру керек, адамдардың жағдайын жақсарту керек, бірақ ол инфляцияны одан сайын разгон жасауы мүмкін. Сол 120 мың 85 мыңыңа да татымауы мүмкін.
Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:
Халықаралық еңбек ұйымының стандартына сәйкес, ол орташа жалақының кемінде 40-50 пайызы болуы керек. Біздікі 29 пайызы. Яғни біздегі 85 мың тг аз. Бірақ үкімет оны әлі де екі жыл ұстамақшы, өсірмейді. Онда сол ақшаны алатын халықтың жағдайы одан да нашарлай береді.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ең төменгі еңбекақы мәселесі енді екі жылдан кейін бірақ қаралады деді вице-премьер Жұманғарин. Бұл көрсеткіш өзі зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы сияқты бүкіл әлеуметтік төлемдерді есептеудің негізі. Әрі орташа еңбекақы деңгейіне де әсер ететін фактор. Қазірорташа айлық – 429 мың тг. Бұл – тоғыз айдың қорытынды статистикасы. Ілгеріде үкімет мүшесі осыны «10 пайыз өсті» деп дәріптегенін көрсеттік. Былтырғы осы кезеңде орташа айлық 390 мың тг болғанымен салыстырғаны. Бірақ бұл есеп шынайы картинаны көрсете бермейді.
Бәтжан Ақмолдина, Экономика ғылымдарының кандидаты:
Ресми 429 мың деп, барлығы бірдей жақсы табыс екен деп айтуға болмайды. есепте бәрі тең көрінеді, ал шындықта әркімге әртүрлі үлес тиеді.
Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:
Мұнай-газ саласында алатын жалақы мен ауыл шаруашылығында, білім беруде, денсаулық сақтауда алатын жалақыны салыстырсаң айырмашылық үлкен екені байқалады. Сол кезде адамдар айтады, «менің жалақым ондай емес, мен орташа жалақыдан әлдеқайда төмен аламын» деп.
Данияр Қайыртай, тілші:
Себебі бұл әдіс кәдімгі орта арифметикалық мәнді анықтау формуласымен есептеледі. Яғни бүкіл ресми көрсетілген жалақының қосындысы жұмыскерлер санына бөлінеді. Орташа табысты анықтаудың тағы екі әдісі бар. Олар, салыстырмалы түрде, шындыққа жақынырақ деп есептеледі.
Бәтжан Ақмолдина, Экономика ғылымдарының кандидаты:
Медианалық. Сізде 100 адам болса. Градация. Еңбекақыны мөлшері бойынша ретімен 100 адамды қойып қоясыз. Тура ортасынан бөлген кезде медианалық субъект болады, жұмыскер. Соның еңбекақысы медианалық еңбекақы болып есептеледі.
Ерділда Тәутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
Модальдік жалақы деген бар, яғни экономикада жиі кездесетін жалақы, мода деген сөзден шығып тұр.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, медианалық еңбекақымөлшері, яғни бүкіл еңбекақы қорының қақ ортасы қазір – 317 мың тг. Ал модальдік жалақы, яғни ең жиі кездесетін жалақы – 116 мың тг ғана. Халықтың әл-ауқатын көтерудің, әрі әлеуметтік теңсіздікті жоюдың бір амалы – осы медиана мен ең төменгі жалақы арасындағы алшақтықтыазайтуда жатыр дейді экономистер. Оны ғылымда Кейтц индексі деп атайды.

Ерділда Тәутенов, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:

Осы индексті біз азайтуымыз керек, яғни жақындатуымыз керек. Бізде сонда орта класс қалыптасып, ол деген яғни бәсекеге қабілетті, білімді, еңбек өнімділігі жоғары, салықты төлейтін, бизнесті жасайтын азаматтарымыз.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Біздегі ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден кем дегенде 140 мың теңгеге дейін көтеретін болсақ, онда осы бір феноменнің алдын алуға мүмкіндік аламыз.
Қайткен күнде, минусқа кетіп қалған халықтың орташа табысын плюсқа шығаратындайын математикалық формула жоқ. Бұл әр түрлі амал-айланың ішінен дұрысырағын таңдауға, тіпті теңгерім сақтауға мәжбүрлейтін күрделі, тырнақша ішіндегі, «есеп».


Бөлісу