Қазақ-Ресей қарым-қатынасына - 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-Ресей қарым-қатынасына - 25 жыл

27.10.2017

Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына биыл тура 25 жыл толды. Осыған орай, Мәскеу қаласында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға екі елдің дипломатиялық ведомство өкілдері, Ресей Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері және белгілі саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты. Қазақстан мен Ресейдің ширек ғасырдағы қарым-қатынасына баға берген мамандар, қос тараптың байланыстарын екіжақты әріптестіктің озық үлгісіне балады.

Достық пен әріптестікке толы – 25 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақстан мен Ресей жалпы саны 300-дей екіжақты келісімшартқа қол қойды. Олар өзара байланыстардың сан қырын қамтиды. Ал, осы көп құжаттың ішінде, 1992 жылы қол қойылған «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек жөніндегі» келісім ерекше маңызға ие. Себебі, ол барлық істің бастауында тұр. Бұл келісімнің қалай қабылданғаны Валерий Темірбаевтың әлі есінде. Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның Ресейдегі өкілетті өкілі болған кәнігі дипломат, құжатты дайындауға атсалысқан. 

Валерий Темірбаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы бұрынғы өкілетті өкілі:  

 - Уақыт міне 25 жыл өтті. Сол келісімнің көбі орындалды. Әрине, кейбір өзгерістер қосылды. Меніңше, сол уақыттағы ойларымыз әжептәуір іске асып, екі елдің қарым-қатынасы, меніңше, өте жақсы болды.  

Саясат пен экономика, білім мен ғылым, өнер және мәдениет, қысқасы Қазақстан пен Ресейдің бірлесе жұмыс істемейтін саласы жоқ. Бастысы қос мемлекет, қашаннан, сенімді серіктес, стратегиялық одақтас болып отыр. Халықаралық аренада да ресми Астана мен Мәскеу, үнемі бір-біріне қолдау білдіріп, көп мәселеде ортақ ұстанымда келеді. Бастысы, қазақ-орыс қарым-қатынасының берік болуын – халық та, ұлық та қалайды.

Ғалымжан Қойшыбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

 - Қазақстан мен Ресейдің қатынасы ең жоғарғы деңгейде. Оған енді ең үлкен үлесін қосқан біздің Елбасымыздың өзінің саясаты. Тәуелсіздігіміздің басынан бері Ресеймен өте тығыз қарым-қатынастар болды. Экономика болсын, саясат сұрақтары болсын, гуманитарлық мәселелер болсын.

Григорий Карасин, РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары: 

 - Екі елдің жауапты саясаткерлері, қоғам және мәдениет қайраткерлері Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын бағалай білуі тиіс. Әлбетте, қазір қос тараптың байланыстары өте берік. Кейбір түйткілді мәселелер де бар. Алайда, екі елдің бір-біріне деген сенімін, өзара жақындығын ескеретін болсақ, біздің арамызда шешілмейтін жайт жоқ.    

Қысқасы, Қазақстан мен Ресейдің өткені жарқын, ал келешегі кемел. Ендігі міндет - 25 жылда қол жеткізген осы жетістікті сақтап қана қоймай, жыл өткен сайын оны еселей түсу. Конференцияда айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу