Данияр Ембергенов: Адам армандай білу керек, жігерлі жанды тағдырдың тауқыметі жасыта алмайды
Екі аяғынан айрылып, арбаға таңылған қызылордалық Данияр Ембергенов - бірінші топтағы мүгедек. Алайда, ол өзінің қайсар мінезі мен табандылығының арқасында биіктерді бағындырып келеді. Ол - әнші, тіпті, дөңгелене биде билейді. Қолынан келсе жұртқа көмектеседі.
Ән айтса ерекше сезімге бөленеді. Өзін биікте қалықтаған құстай көреді. Көңіл-күйі көтеріліп, керемет әсерде болады. Бүгін де Данияр ән жазуға келді. Көңілді. Жаңа ән жаздырып жатыр.
Бұрын әнді тек караокеде айтатын. Ал, қазір ол табыстың бір көзіне айналды. Тойларға барып, ән шырқайды. Онан бөлек билейтін де өнері бар.
«Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» кешкісін жеке көлігіне мініп алып, жұртты діттеген жеріне жеткізіп тастайды. Бос отырмайды. Осыдан екі жыл бұрын басына қиындық түскенде алғашқыда есеңгірегенімен, тез есін жинады. «Ешкімге масыл болмай отбасымды өзім асыраймын»,-деп, тырмысып келеді. Даниярға жан жары Бақыт та әркез демеу болды.
Бақыт Адамбаева, Даниярдың жары:
- Тұрады ғой аяғынан, тұрмайды емес, тұрады. Мен өзім оған сенемін. Басында еріншектеу-тұғын, алдап-сулап істетемін. Қазір өз аяғымен тұратын болды. Жұмысқа бір сағат қалғанда жаттығу жасайды.
Бақыттың ұйымдастыруымен жақында Даниярдың қайырымдылық концерті өтті. Жомарт жандар қолдау көрсетті. Әркез жанашыр азаматтардың жан жылуы Даниярдың болашаққа деген сенімін арттырып келеді.
Данияр Ембергенов, 1-топтағы мүгедек:
- Келіншегім бар керемет. Қызым бар. Қызым үшін сол өмір сүріп жатқаным. Барлық үмітім сол қызым үшін. Әйтеуір, қызым бақытты болса болды. Бұл уақытша нәрсе, уақыт өтуі керек. Шыдау керек, сынбау керек.
«Адам армандай білу керек, жігерлі жанды тағдырдың тауқыметі жасыта алмайды. Ең бастысы айналамызда жақсы адамдар көп, - дейді өмірдің күресінен шаршамаған Данияр мен Бақыт.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы