Павлодардың іргесіндегі Ақсу қаласында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардың іргесіндегі Ақсу қаласында төтенше жағдай жарияланды

26.10.2017

Себебі, шаһардың орталық кәріз коллекторында ақау шыққан.  Апат қаладан 25 шақырым жерде болған. Дерекке қарағанда құбыр жарылып, үстіндегі топырағы опырылған. Қазір арнайы техника жұмылдырылып, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаладағы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен өндірістік кәсіпорындарға су белгіленген уақытпен ғана берілуде.

Қаршыға Арынов,  Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:

-Бүгін қала әкімі техногендік тұрғыда төтенше жағдай туындап отырғандығы жөніндегі әкімшілік қаулысына қол қойды. Енді апат орын алған аумақты толық жөндеу үшін облыс әкімі резервінен қаржы бөлуді сұраймыз. Оған қажетті құжаттар дайындалып жатыр. 

Ақсу қаласындағы кәріз жүйесі әбден тозған. Мамандардың есебіне қарағанда 32 шақырым аумақтағы құбырлар кез келген уақытта жарылуы ықтимал. Ал, оны күрделі жөндеу үшін 8 миллиард теңге қажет. Жобалау – сметалық құжаттардың сараптамасы қараша айында ғана дайын болады.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу