Қала тұрғыны Анна Иваненко өзі туралы құнды құжаттарды бөтен біреудің ешқандай сенімхатсыз алғандығын анықтады. Бұл ел Конституциясы бойынша заң бұзушылыққа жатады. Ең қызығы Анна туралы мәліметтерді кімнің және не мақсатпен алғандығы, қызметкердің не үшін сенімхат талап етпегені белгісіз.
Анна Иваненко кеше «Egov» порталындағы жеке парақшасын ашып отырып, аң-таң болған. Өйткені, оның тұрғылықты мекен-жайы мен жылжымайтын мүлкіне қатысты анықтамаларды Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері 4-ші қазан күні белгісіз біреуге берген. Ал, құжатты алған адамнан сенімхатты мүлдем сұрамаған.
Анна Иваненко, қала тұрғыны:
- Мен мұның артында бір алаяқтық тұр деп ойлаймын. Өйткені, құжаттарды ешкім текке алмайды. Мүмкін менің атымнан несие рәсімдегісі келді ме?! Қазір барлығын Халыққа қызмет көрсету орталығынан біліп жатырмын.
Даулы мәселемен қазір Алматы қалалық Халыққа қызмет көрсету департаменті айналысып жатыр. Әзірге белгілісі, мекеме қызметкері құпия мәліметтерді «Глобал Капитал» серіктестігінің өкіліне бергендігін айтқан. Бірақ, мұнда 7 жыл жұмыс істеген ол бөтен біреудің сенімхатты кейін әкеліп беремін дегеніне алданып қалдым, деп ақталыпты.
Әсел Мамыржанова, Қалалық Халыққа қызмет көрсету департаменті директорының міндетін атқарушы:
- Алып келемін дегеніне сеніп қалдым, солай жасадым деп жатыр. 15 минут, жарты сағат, күнде звондасада бір сағаттың ішінде міне алып келемін, әне алып келемін деп солай айтқан ол кісі.
Ал, «Глобал Капитал» компаниясының қызметкері Анна Иваненкоға қатысты ешқандай құжат алған жоқпын, деп отыр. Тіпті, ол бұл жағдайды естіп, таң қалған.
Галихан Мұхамеджанов, «Глобал Капитал» ЖШС қызметкері:
- Қандай құжаттар??? Мен ол туралы ештеңе білмеймін. Анна Иваненконы танымаймын да. Оны кеше бірінші рет көрдім.
Қазір шулы іске тікелей қатысты қызметкер мен ол жұмыс істейтін бөлім жетекшісі жұмыстан қуылды. Ал, Анна Иваненко мәселенің анық-қанығын анықтау үшін құзырлы органдарға арызданды. Өйткені, ол орталық мамандарының ешқандай сенімхатсыз консалтингпен айналысатын компанияға өзге біреудің құжатын еш рұқсатнамасыз беруі өрескел заң бұзушылық, деп біледі.
Амангелді СЕЙІТХАН