Басты Жаңалықтар Астанада ауыл шаруашылығы саласының халықаралық көрмелері жұмысын бастады

Астанада ауыл шаруашылығы саласының халықаралық көрмелері жұмысын бастады

Шараға әлемнің 30-дан астам елінің 300-ге жуық компаниясы қатысуда. Үш күнге созылатын көрмеде ауыл шаруашылығының соңғы технологиялары мен тың тәжірибелері таныстырылады.

Қарағанды облысының тұрғыны Нұрлан Сүлейменов ауыл шаруашылығына арналған халықаралық көрме өтетінін естіп, арнайы келген. Жеке шаруашылығын жүргізіп отырған азамат көрмеден керегімді тауып, келісімдер жасастық деп қуанып жүр.

Нұрлан Сүлейменов, шаруашылық жетекшісі:

- Омскінің егін себетін Сейлкаларымен келістік. Сосын Қостанайдың мал емдейтін дәрі-дәрмектері бойынша келістік. Қазір басқа да керектерді қарап жүрміз.

Жалпы, ауданы 14 мың шаршы метрге жайылған көрменің мақсаты - отандық кәсіпкерлер мен дүниежүзіне белгілі компаниялар арасында іскерлік байланыстарды нығайтуға арналған. Көрме аясында түрлі бизнес-миссиялар мен конгрестер өтпек. Көптеген келісімдер де жасалады деген болжам бар. Биыл бұл көрмеге қатысуға ниет білдірген елдердің қатары артты.

Фархат Қадір әл-Хажири, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры: 

- Катар мемлекеті Қазақстандағы мұндай көрмеге алғаш қатысып отыр. Осындай ең озық тәжірибелерді халықаралық деңгейде алмасу біз үшін де маңызды. Мұндай шара ауыл шаруалығындағы көптеген мәселелерді тиімді түрде шешіп, біздің елдер арасында ынтымақтастықты нығайтуға сеп болмақ.

Төрт бөлімнен тұратын көрмеде соңғы техника мен тауарлардан бөлек, жаңа қызмет түрлері де таныстырылды. Сондай-ақ, қалың жұртшылық техниканың әлемдік брендтерімен бірге ірі-қара малдың сирек кездесетін түрлерін көруге мүмкіндік алды.

Көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен төрт-түліктің түр-түрі әкелінген. Мысалы, герафорд тұқымды сиыры жылына 200 келіден астам салмақ қосады. Ал, ангус тұқымдас сиыр туылғанда небәрі 30 келі болса, жылына 300 келіге дейін салмақ қосады. Сонда мынандай ересек сиырдан 1 тоннаға дейін ет алуға болады. Бұл елімізде  өте сұранысқа ие.

«ЭКСПО ГРУПП» халықаралық көрме компаниясы ұйымдастырған шара Қазақстан өнеркәсіп кешендеріне инвестиция тартуға ықпал етеді», - дейді мамандар. Әрі қазақстандық өнімдерді әлемдік нарыққа тікелей шығару мүмкіндігін арттырады. Жыл сайынғы дәстүрмен өтетін шараның ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосымша сеп болары сөзсіз.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Бөлісу