Басты Жаңалықтар АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі бүгін елорда да 174 теңгеге жетті

АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі бүгін елорда да 174 теңгеге жетті

Жаңа баға көпшіліктің көңілін күпті еткені рас. Өйткені, бензиннен басталған қымбатшылық сан-саланы шарпитыны көпшілікке таныс «сценарий». Сонымен, қазанның басында басталған қымбатшылықтың тоқтайтын шегі бар ма? Бұл сауалға Ғабит Бөкенбай жауап іздеп көрді.

Саид жүк тасып нәпақа табады. Бүгін сұйық отын бағасы кезекті рет өсті дегенді естіп көңіліне кірбің ұялаған. Өйткені, тасымал бағасы бензинге бағынышты.

Саид, жүргізуші:

- Халық наразы болады. Көкталдың ішінде 3 мың теңгемен жүрсек, қазір 5 мың теңгеге көтердік. Жаңармай қымбат, соған сай бәрі қымбат.

Ербол Сырмаханов, жүргізуші:

- Кеше ғана жаңалықтардан айтқан баға 165 теңгеден өспейді деген. Білмеймін енді қалай жүретінімізді көлікпен.

Астанадағы ірі жанармай сату бекеттерінің бірінде бүгіннен бастап жаңа баға. 174 теңге. Ірі бастаған қымбатшылықты, басқа бекеттер іліп әкетпесіне кім кепіл деген сауалдың қойылуы заңды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Қарашаның екінші жартысында Ресейден келетін бензиннің үлесі 30 пайызға кем болмақ. Демек, баға да төмендейді. Ал, желтоқсанда шеттен келетін отын үлесі 20 пайызға дейін азаяды. Басты мәселе осы уақытта біз мұнайшылармен жақсы жұмыс істеп, олардың тәбетін азайтуына әсер етуіміз керек.

Бағасы аспандап тұрған жалғыз бекет осы. Қалғандарында баға тұрақты. Елден ерекше бекеттің іс-әрекетіне қатысты түсініктеме беруді өтініп, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне хабарластық. Ресми орган ресми жауапты 3 күн ішінде беретінін айтты. Ал, Ақтөбе өңірінде қазіргі таңда АИ-92 маркалы бензиннің 28 күн, ал, дизель отынының 50 күндік қоры қалған.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

- Неге ол 175, қасындағыда 162 теңге? Барлығының шығындары бірдей ғой. Олардың зауыттары жоқ қой енді. Олардың істейтіні - алып келу. Сақтау. Одан кейін жаңағы жанармай бекеті адамдарына жалақы береді. Бітті басқа түк шығыны жоқ. Біз соны қарап, қалпына келтіруіміз керек.

Бензинмен қатар, дизель отыны да күн санап өсті. Күзде 90 теңге тұрған дизель қазір 159 теңгеге жеткен.

Кәкімжан Шармағамбетов, жүргізуші:

- Бұрын 25-30 теңгеден сатқан кірпішті 50 сатып жатырмыз. Халық ренжиді. Боқтап кетеді. Сендер немене бағаны көтеріп жатсыңдар дейді. Енді бізде шама жоқ, лаж жоқ.

Дәл қазір Ресейде АЙ-92 бензинінің 1 литрі 210-225 теңге маңында. Ал, Қырғызстанда дәл осы отын 195-теңге. ЕЭО ішіндегі ең арзан жанармай әзірге Қазақстанда. Нарықтағы тепе-теңдік бұзылмас үшін жыл соңына дейін Қырғызстан мен Қазақстандағы баға Ресейді қуып жетуі бек мүмкін.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Бөлісу