Елімізде үлестік тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша жұмыс басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде үлестік тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша жұмыс басталды

24.10.2017

Осы мақсатта Алматы мен Астана қаласында екі үй кепілге алынып отыр. Яғни, құрылыс компаниясына қаржы құйған үлескерлер келешекте пәтерсіз қаламыз деп алаңдамаса да болады. Мұны «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» жауапкершілігіне алды. Ал, құрылыс компаниялары қордың кепілдігін алу үшін республикалық маңыздағы қалада 18 мың, басқа шаһарларда 10 мың шаршы метр баспана салған болуы тиіс. Қор солармен бірлесе жұмыс істейді. Сондай-ақ, қор тарапынан арнайы мамандар құрылыстың сапасын бақылап отырады. Қандай жағдай болмасын құрылыстың уақытында аяқталуын назарда ұстайды.

Бауыржан Жүкенов, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ департамент директоры:

- 2005-2007 жылдары дағдарыс болған кезде көптеген проблемалар болып қалды, көптеген үлескерлер өздерінің пәтерін ала алмай қалды. Қазіргі таңға дейін үлескерлер әкімдіктердің алдында тұр. Осындай проблемалар болмас үшін кепілдік беру қоры құрылды. Оның негізгі мақсаты - болашақ үлескерлердің құқықтарын қорғау.

Ермек Сәдуақасов, құрылыс компаниясының қаржы директоры:

- Қорға кірген себебіміз қордың кепілдігін алған жағдайда үлескерлерді құрылыс болып жатқан кезде шақыра аламыз. Одан кейін қор арқылы жұмыс істесең, құрылыс жүріп жатқан кезде сен обьектіңді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» өткізуге болады.

Хабарламаларға жазылу