Астана аулаларында енді сыртқа төгіліп жатқан қоқыс көрмейсіз. Елорданың Сарыарқа ауданының әкімшілігі тұрғын үйлер маңына жерасты контейнерлерін орната бастады. Оның басты пайдасы – қоршаған ортаны ластамайды әрі жағымсыз иістер шығармайды. Жаңа жобаға әсіресе, жергілікті тұрғындар риза. Болашақта мұндай пластикалық қондырғылар бас қаланың барлық ауданына орнатылады.
Қоқыс тастайтын жерасты контейнерлерін Сарыарқа ауданы алғашқы болып орната бастады. Пилоттық жоба бойынша пластикалық қондырғылар әзірге екі мекенжайға қойылды. Жер астына 2 метр тереңдікке орнатылатын контейнердің пайдасы көп. Бұрынғыдай үйдің ауласынан енді сыртқа төгіліп жататын қоқыстарды көрмейсіз.
Ришат Тұрдыбеков, Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары:
- Далада жүрген ит мысықтар кіре алмайды бұған. Неше түрлі иістер шықпайды. Қоқыстар ұшпайды. Ауланың эстетикалық түрі жақсы болады.
Жерасты контейнерінің ішіне бірнеше метрлік қатты пакет қойылған. Қоқыс толған уақытта арнайы көлік келіп, дорбаның жібінен тартып 1-2 минут ішінде тазалап кетеді. Контейнердің ішінде артық қоқыс қалып қоймайды. Оның қақпағы да мықтап жабылады. Әкімшілік жәшіктерді айына бірнеше рет залалсыздандырып тұрады.
Төлеуғаным Байтүкенова, қала тұрғыны:
- Бізге жақсы болады деп ойлаймын. Себебі, мына жерде балалар ойнайды. Көп машиналар жүріп жатыр. Қоқыстың шашылмағаны бізге жақсы.
Контейнерлер Финляндияда дайындалған. Сондықтан, Астананың қатты аязында оған еш зиян келмейді.
Жаңа жобаның тағы бір пайдасы - орынды аз алады. Мысалы, бұрынғы ескі 3 жәшіктің орнына жаңа бір контейнерді орнатса ғана жеткілікті. Ал, мына ескі жәшіктер аулалардан жақын арада мүлде алынып тасталады.
Ескі жәшіктер алынса, аулаларда көлік қоятын орын көбейеді. Демек жаңа жобаның осы бастан тұрғындардың көңілінен шығатыны сөзсіз. Бір контейнердің құны шамамен 1 миллион теңге. Сарыарқа ауданы пилоттық жобаға еш шығындалмады. Пластикалық жәшіктерді фин елінің дистрибьютер компаниясы жеткізген. Егер тұрғындар қолдап жатса, келесі жылы қалаға тағы 50 контейнер орнату жоспарда бар.
Бақытжан ОМАР
