СҚО-да рекордтық көлемде астық жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да рекордтық көлемде астық жиналды

23.10.2017

Солтүстік Қазақстан облысы орақ науқанын аяқтады. Биыл теріскейлік диқандар 5,6 млн. тонна астық жинап, былтырғы рекордты жаңартты. Бұл - республикалық көрсеткіштің 30 пайызы. «Жиналған дәнді-дақылдардың бәрі құрғақ, сондықтан да, оны кептіру жұмыстарына шығындалған жоқпыз», - дейді диқандар.

Бір ғана «Шағала агро» серіктестігі 22 мың гектар жерден 13 мың тонна бидай жинап, қамбаға өткізді. 3 мың тонна астықты Бельгия мемлекетіне жөнелтпек. Қарт құрлықтың басқа да елдерімен келісім жасалып жатыр.

Жомарт Омаров, «Шағала агро» ЖШС директоры:

- Биылғы өнім өте құрғақ келді, сондықтан, кептіру жұмыстарына аса шығынданған жоқпыз. Тазалаудан кейін қоймаға кіргізіп жинап алдық. Рапс 15 центнерден айналды орамға, жасымық 14 центнерден шығып жатыр, бидай 25-ке барып қалды, зығырдың өнімділігі де сол шама 10 центнерден айналды.

Жалпы, биыл теріскейлік диқандар 4 млн. 222 мың гектарға дән сепкен. Оның 3 млн. гектары астық, қалғаны майлы дақылдар. Орақ науқанын аяқтаған аграрилер былтырғы рекордты қайта жаңартып, 5 млн. 600 мың тонна бидай жинады. Астықтың өнімділігі - гектарынан 18,2 центнерден.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Бұл жақсы көрсеткіштерге біз мемлекет тарапынан берілген көмек арқылы жетіп отырмыз. Астық әлі сатылмайды, бағасы 40-38 мың теңгеге дейін түсіп отыр, сәл шыдауымыз керек. Ең біріншіден майлы дақылдарды сатып, берешектерден құтылып, содан кейін ғана астықты сатуға болады деп ойлаймыз.

Нарықта майлы дақылдардың бағасы бидайға қарағанда 3 есе қымбат. Сондықтан да, шаруалар алдағы жылы майлы дақылдар алқабын 1 млн. гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Рекордтық көрсеткіште астық алып, етек-жеңін жинаған диқандар көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Қазіргі таңда күзгі сүрлеу жұмыстарының 80 пайызы орындалды. Мамандардың айтуынша, келесі жылы топыраққа 100 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш салып, егіс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

 

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу