Әуе тасымалының көлемі артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әуе тасымалының көлемі артты

23.10.2017

Биыл ел аумағынан 183 мыңнан астам әуе рейсі ұшырылған. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Әрі әуе кеңістігі арқылы ұшып өткен транзиттік сапардың өсімі 5,2 пайызға ұлғайды. Бұл жайында «Қазаэронавигация» мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары Фаат Богдашкин мәлімдеді.

Әуе қозғалыстарына қызмет көрсету маршруттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кеңесіне әлемнің 30 елінен авиация әкімшіліктері келді. Оған еуропалық және солтүстік атлантикалық өңір бюросы мен Орталық Азия елдері де мүдделі болып отыр.

Қазақстанның бастамасымен ашылған пікір алмасу  алаңында Еуропаның Шығыс бөлігінде жаңа әуе жолдарын ашу жұмыстары талқыланды. Өйткені, Қазақстан аумағынан өтетін әуе транзиттік тасымалының 80 пайызы Еуропаны Оңтүстік-Шығыс Азиямен, Оңтүстік Азияны Таяу Шығыспен және Еуропамен ұштастырады.

Фаат Богдашкин, «ҚазАэроНавигация» РМК Бас директорының орынбасары:

- Қазақстан аумағында жалпы ұзындығы 84 мың шақырымға жететін 92 әуе жолы, өзге де мемлекеттердің шекарасы бойынша 73 әуе дәлізі бар. Биыл әуе тасымалының артуына Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі мен өзге де халықаралық форумдар сеп болды. Астанада  қаржы орталығы құрылатындықтан, бұл көрсеткіш әлі де арттады деп ойлаймын.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу