Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы үш жыл ішінде 73 балабақшаға кететін қаржыны мемлекет бюджетіне қайтарды. Биылдың өзіне жемқорлыққа қатысты тәркіленген қаражаттың көлемі 7 жарым миллиард теңгеге жеткен. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мамандары мәлімдеді.
Жыл басынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 2 мыңнан астам істі сотқа жіберген. Жемқорлықтың жолын кесу мен әшкерелеуге бағытталған жұмыстардың нәтижесін Ұлттық бюроның департамент басшысы Талғар Серікбаев баяндады. Оның айтуынша, биыл үш мыңға жуық жемқорлық фактісі тіркелсе, 89 жүйелі түрде жалғасып келе жатқан жемқорлық фактілері әшкереленіп отыр. Одан бөлек, үш жүз адамнан тұратын қылмыстық топ та анықталған.
Талғар Серікбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департамент басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні қылмыстық істердің жартысынан көбі сотқа жолданды. Бұл істердің жан-жақты тергелуі, зерделеніп, зерттелгеніне аса мән береміз. Өйткені, әр жағдай адамдардың тағдырымен байланысты.
Ұлттық бюро лауазымды тұлғалардың тарапынан бизнес ісіне заңсыз араласу деректерінің жолын кесуге ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан орындалған жұмыс актілеріне қол қою мен тендерлерді ұтуды қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерден пара алу бойынша 269 фактінің жолын кескен.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар легін қалыптастырған Бишімбаевқа қатысты да тергеу жұмыстарының алғашқы нәтижесі айтылды.
Олеся Кексель, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департамент басшысының орынбасары:
- Оған сегіз жемқорлық фактісі бойынша айып тағылуда және 1,2 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр. Бишембаевпен берге «Бәйтерек» холдингінің 7 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жалпы, бұл іс бойынша құрылыс басшыларымен бірге жауапқа 22 адам тартылып отыр. Олардың 20-сы өз кінәларын толықтай мойындады.
Үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің нәтижесінде 22 млрд теңге ел қазынасына қайтарылған. Ол қаражат 14 мектеп, немесе 73 балабақша, яки 13 аурухананың құрылысына жұмсалатын қаражатқа тең.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ