Шаруалар жайылымдық жердің тарылып бара жатқанына алаңдаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар жайылымдық жердің тарылып бара жатқанына алаңдаулы

19.10.2017

Төрт түліктен несібесін айырған шаруалар жайылым жер жоқ деп жырлайды. Қазақ елі әлемде жер көлемінің үлкендігі бойынша 9 орынды алса, жайылымдық жердің көлемінен 5 орында тұр. Ал, осы кең байтақ даланы қаншалықты тиімді игеріп жатырмыз.

Жамбыл ауданы Ақсеңгір ауылының тұрғыны Ережеп Сүлейменов өмір бойы ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Бірақ, ол соңғы кездері жайылымдық жердің тарылып бара жатқанына алаңдаулы. Қазір ауылдың 60 пайыздан астамы шеттен келген қандастар. Барлығы төрт түліктен нәсібін айырып отыр. Сондықтан, қорадағы бір-екі ірі қарасына сенген жұрттың уайымы малдың жайылымы. 

Ережеп Сүлейменов, Ақсеңгір ауылының тұрғыны:

 - Малсыз ауылда өмір жоқ. Бізге өркендейтін мына жерде зауыт-фабрика жоқ. Бәріміз күн көріп отырған мал. Ең біздің күрделі мәселе осы малды жаю мәселесі.

Акиматқа кірген жерде жазылып тұр 10 мың гектар жайылым бар деп. Ол қайда? Ол ана бастық сатып алған, мына бастық сатып алған. Мықтылар сатып алғаннан қалған орысша айтқанда «клочок» дейді, кішкентай-кішкентай жерлер ғана қалды.

Жалпы, елімізде 272 млн. гектар жердің 214 млн. гектары ауыл шаруашылық мақсатта қолданылады. Оның ішінде 186 млн. гектар -  жайылымдық жер. Бірақ, қазір мұның 80 млн гектары ғана пайдаланылады. 30 млн. гектар жер деградацияға ұшыраған. Алматыға келген Мәжіліс депутаттары да шаруалардың мәселесін шешу жолдарын ұсынып отыр.

Жексенбай Дүйсебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты:

 - Көпшілік мал ауылдың маңайындағы 21 млн. гектарда шоғырланған. Жаңағы деградация осыдан шығып отыр. Сондықтан, мұны қабылданған заң осы үш шеңберді тепе-тең ғып жаңағы ғылыми тәжірибелік жолмен қолданысқа енгізіледі. Мұның ішінде біз бұрынғы бабаларымыздың да әдістерін алдық. Ол да бар. Неге десеңіз, бұрын ең бірінші жайылымды сақтаған, жайылым арқылы өздерін сақтаған, малын сақтаған.  

Мамандар қолданыстағы жерді ғылыми негіздеп, тиімді игерсек қана сақтап қаламыз, әйтпесе, аз жылда жердің бәрі азып, тақырға айналады деп дабыл қағып отыр. Ол үшін жайылым жерлерге әлемдік жаңа технологияны, инновациялық жобаларды тарту қажет. Ең бастысы, жайылымдық жерлер туралы заңның орындалуын қатаң қадағалау керек, дейді. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                      

                                                         

Хабарламаларға жазылу