Құрық портынан миллионыншы  тонна жүк жөнелтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрық портынан миллионыншы  тонна жүк жөнелтілді

19.10.2017

Бүгін Құрық портынан миллионыншы тонна жүк жөнелтілді.  Оның 548 мың тоннасы сыртқа экспортталса, 452 мың тонна жүк импорт. Тауар  Әзірбайжан, Грузия порттары арқылы Еуропаға жол тартады. 

Ел экономикасын ілгерлеткен  ірі жобаның арқасында серіктес  мемлекеттермен сауда-саттық көлемі еселенбек.  Порт  толық іске кіріскенде , тасымалданатын жүк көлемі  6 млн. тоннаға дейін  жетеді.

Миллионыншы тонна  Бакуге жөнелтілді.  Азық-түлік, тұрмысқа қажетті  өнімдер  мен мұнай – химия өнеркәсібінің тауарлары  тиелген.  18 сағат ішінде жүк  діттеген жеріне жетеді. Биыл портттағы жүк тасымалы жоспардан екі есе артық орындалды. Экспорт көлемі импорттан он пайызға көп.

Мырзабек Сақтағанов, «Құрық порты» ЖШС бас директоры:

Биыл жылдың басында жоспарымыз 540 мың тонна еді. Бүгінде 1 млн. тонна өткіздік. Өте қуаныштымыз.  Жылдың аяғына дейін 1 млн. 300 мыңға жеткіземіз. Тағы да екі айлақ салып жатырмыз.  Желтоқсанның біріне дейін дайын болады. Ендігі жылы 4 млнға шығамыз.

«Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы салынған порт құрылысына 31 млрд. теңге бөлінген. Қазір паром кешенінде бір теміржол айлағы, төрт теміржол көрмелік паркі, өңдеу-сұрыптау пункті мен әкімшілік нысандар бар. Портта барлығы 800 адам қызмет етеді. 

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

Бұл – Қазақстан халқының жеңісі, Елбасының сындарлы саясатының жемісі. Сіздердің жүрек қойып жасаған жұмыстарыңыздың жемісі. Қазақстанның мүмкіндігі. Құрық портының жұмысы мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайтады.

«Құрық» порты – еліміздің транзиттік, экспорттық әлеуеттін арттыратын іргелі жоба. Көлік логистикалық инфрақұрылымды дамытуға да  үлкен серпін бермек.  2020 жылға дейін Қазақстан порттарының жүк ағынын екі есеге көбейту  көзделген.  Осы ретте Құрық портының үлесі зор. Порттағы теміржол және автомобиль паромдары толық іске қосылса жылына алты млн жүк өткізуге  мүмкіндік туады. 

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу