Қазақстанның барлық шекара периметрі бойынша жоспарлы операция әлі де жалғасып жатыр. Солардың бірі, қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай қалыпты. Ал, жолаушылар мен жеңіл көліктер әдеттегідей емін-еркін қатынауда. Адамдардың Қырғызстан бағытына қарай шығу, Қазақстанға кіру кезінде ешқандай шектеу болған емес. Бәрі бұрынғысынша 10 терезе арқылы оңай өтуде. Алайда, шекарадағы күшейтілген режим барысында кездескен заңбұзушылықтар аз емес. Айтсақ, ел аумағына есірткі алып өтпек болған екі Қырғызстан азаматы, бір канадалық ұсталды. Қазір бұған қатысты тергеу шаралары басталды.
Бақылау пункті арқылы шекарашылар бір жолаушыны 2-3 минутта тексеріп өткізетін. Себебі, бұл қалыпты жағдай. Десек те, бүгін түнде қазақ-қырғыз елдері Премьер-министрлерінің екіжақты келісімінен кейін оның уақыты біршама қысқарып, бір адам 30 секунд ішінде бекеттен қиындықсыз өтіп жатыр. Таңертең қарбалас жоқ. Тек түс мезгілінде қос мемлекеттің шекарасындағы бейтарап аймақта бар-жоғы 15-20 адам жиналады. Олар да көп кідірмейді.
Жоспарлы шекара операциясы барысында жүк көліктері мен тауарлар жіті тексерілуде. Себебі, заң талаптары бәріне ортақ. Қазір өткізу пунктерінде шекарашылар контрабандалық және есірткі заттарының тасымалы мен басқа да қылмыстарға тосқауыл қою үшін сегіз күннен бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ал, кеше кешқұрым «Қарасу» бақылау бекетінен Қазақстанға ірі көлемде есірткі алып өтпек болған екі қырғызстандық, бір шетел азаматы ұсталды.
Айдар Саглиханов, «Қарасу» шекара бақылау-өткізу пунктінің аға бақылаушысы:
- «Қарасу» бақылау бекетінде қазан айына жоспарланған шекара бекетінде қызметтік иттермен жүргізу барысында Қырғызстан азаматынан есірткі заттары табылды. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр.
Бүгінде «Қарасу» пунктінен бөлек, «Сартөбе», «Ауқатты», «Қордай» бекеттерінде де күн сайын көптеген заңбұзушылықтар тіркеледі. Бақылау бекетінде еліміздің көші-қон заңнамасы мен шекаралық режимін бұзғандарды анықтаушылар тексеріп, тиісті органға жеткізеді. Сондай-ақ, жеміс-жидек тиеген жүк көліктерін шекарашылар арнайы құрылғылар арқылы мұқият қарап өткізіп жатыр.
Алмат ӘБДІРАМАН