Еліміз бойынша 2 мыңнан аса ауыл шаруашылық кооперативі болса, олардың төрттен бір бөлігі, яғни, 429-і - Шығыс Қазақстанда. Өңірде биылдың өзінде 65 бірлестік құрылған.
Мал ұстағанымен, кірісінен шығысы көп көкпектілік шаруа Марат Баяхметовтің енді ғана тірлігі ілгері басқан. Ауылдың өзінде сүт қабылдау бекеті ашылып, өнімді алысқа тасу машақатынан құтылды. Сүтті күніне екі мезгіл осында өткізеді.
Марат Баяхметов, «Жан Ерлан» кооперативінің мүшесі:
- Қалаға апарып, шығын шығарып жүргенше, осындай міне, кооперативке қосылуды жөн көрдім. Өзімізге тиімді. Әр адамда 3-4 сиырдан бар. Әкеліп міне, өткізіп, қызығушылық ары қарай дамып бара жатыр.
Көкпекті ауданының орталығындағы «Жан Ерлан» кооперативінің ашылғанына екі ай болды. 20 адам мүше. Шаруалардан сүттің литрін 100 теңгеден сатып алады. Кооператив күніне 3 тоннаға дейін сүт қабылдауға қауқарлы. Мемлекет қолдауына арқа сүйеген ұжым енді кәсіптерін кеңейте түспек.
Ерлан Әубәкіров, «Жан Ерлан» кооперативінің төрағасы:
- Алты пайызбен несие алып, әрі қарай сауынды сиырлар алып, көбейтіп, сүтті ары қарай да өндіруге жоспар бар.
Қабылдап алған өнімді кооператив іргедегі сүт өңдейтін «Толағай» шаруа қожалығына тапсырады. Мұнда сүт өнімдерінің 18 түрі дайындалады. Өндірілген тауармен аудан ғана емес, облыстың екі ірі қаласы да қамтамасыз етіледі.
Марат Каликов, «Толағай» сүт өндірісінің басшысы:
- Бүкіл осы Көкпекті ауданынан жаздың күні 3 тоннадай сүт жиналатын, бүгінгі күні 1,5 тоннадай сүт жиналады. Соның бәрін цехта қайта өңдеп, жасап ары қарай халыққа, бюджеттік мекемелерге ұсынып отырамыз. Күнделікті жасаған сүт өнімдері екінші күнге қалмай осы ауданда өтіп жатыр.
Қазір облыс бойынша сүт бағытындағы кооперативтердің басым бөлігі Бородулиха, Глубокое, Көкпекті, Ұлан, Зырян аудандарында дамып келеді. Бұл ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеп, табысын еселеудің бірден-бір жолы.
Зарина Ұлықбек, тілші:
- «Ырыс алды – ынтымақ» дейміз. Бірлесіп жасаған жұмыс қашан да жемісін бермек. Республикада жұмылып, ортақ іспен айналысып отырған қазір екі мыңнан аса ауыл шаруашылық кооперативі бар. Олардың 429-ы Шығыс Қазақстанға тиесілі. Болашақта тағы 16 мыңға жуық адамды кооперативке тарту көзделген.
Зарина ҰЛЫҚБЕК