Көмір алуға келген семейлік тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көмір алуға келген семейлік тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұр

18.10.2017

Қойнауы көмірге бай Семейдің қоймаларында неше күннен бері ұзынсонар кезек. Отынды тұтынушыға жеткізіп беруге асыққан делдалдар қойма басында түнеуге бар. Өйткені, қоймада қатты отын жеткіліксіз, - дейді тасымалдаушылар. Салдарынан жұрт күздің қара суығында үйлерін жылыта алмай отыр.

Ерлан Әкімбаев 3 күннен бері қоймаға кіре алмай тұр. Айтуынша,шаһарға іргедегі Қаражыра кен орнынан күнделікті жеткізілетін көмір аздық етіп отыр. 

Ерлан Әкімбаев, жүк көлігінің жүргізушісі:  

  - Бес вагон түсіреді. Ол жете ме, жетпейді ме, КамАЗ-дар кіріп кетеді. Бір КамАЗ 30 тонна әкетеді. Ол өзі 4 рет кіретін болса, 2 вагон жоқ деген сөз. Бар болып тұрса апарасың ғой. Жеткізіп тастайсың ол көмірді.

Шынымен де, таңертең мына қоймаға 5 вагон көмір жеткізіліпті. Бірақ, лезде барлығы сатылып кеткен. Ал, сыртта әлі 15-тен аса көлік тұр. Басқа қоймаларда да осындай жағдай. Айта кетерлігі, қақпа алдында тұрғандардың көбі – алыпсатарлар. Сұранысты ескергендер қаппен де саудалайды. Күн суытқанда отынға зәру жұрт ұсынған бағаға келісе кетеді.

Жамал Төлеужанова, Семей қаласының тұрғыны:

 - Мында 7 мың,  шопырлар мың жарымнан алады 1 тоннаға. Көмір күнде бар, бірақ ала алмай жүрміз сол көмірді, кезек көп. Бес-алты күн болды жүргеніме, не шопыр жоқ.

Қайсар Рақымжанов, Семей қаласының тұрғыны:

 - Таяуда көмір тұр. Қалай енді бұл, а? Әжелер мен аталар бар. Келеді, кетеді, салпаң-салпаң. Ол да оңай емес қой. Үш вагон түсті, айтпайды ма?  

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен қойма басшылары болса, Семейде көмірге қатысты тапшылық жоқ деп отыр. Айтуларынша, қазіргі қалыптасқан жағдайға тұрғындардың өздері кінәлі.

Марат Аленов, ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бүгінге дейін қалаға 180 мың тонна көмір жеткізіліп, барлығы сатылды. Қатты отынды тасымалдау жұмыстары жалғасуда. Шаһарда көмір тапшылығы жоқ. Тек тұрғындардың өздері ерте қамдануы керек деп ойлаймын.

Ал, жалпы жеке сектордағы тұрғындар бір маусымда 240 мың тонна көмір тұтынатын көрінеді. Демек, қалаға тағы 60 мың тоннадай қара отын жеткізу қажет. Жергілікті билік өкілдері бұл бағыттағы жұмыстарды жақын күндері толықтай аяқтаймыз деп отыр.

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу