Қызылордадағы шыны зауыты алғашқы өнімін Астананың 20 жылдық тойы қарсаңында шығарады
Қызылордада салынып жатқан шыны зауытының алғашқы өнімдері Астананың 20 жылдық тойы қарсаңында шығарылады. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысы әкімінің Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Сондай-ақ, Арал ауданында тұрмыс пен өндіріске қажетті сода шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталады. Бұл Орта Азияда теңдесі жоқ жоба болмақ. Облыс диқандары да жиын-терінді жақсы аяқтаған.
Шыны зауытының құрылысы көктемде аяқталып, 3 ай бойы пештерді қыздыру жұмысы жүреді. Алғашқы өнім Астана күні қарсаңында дайын болады. Зауыттан күн панельдері мен смартфон, планшеттерге қажетті әйнек шығады. Жалпы, облыста индустрияландыру аясындағы 20 жобаның 16-сы толық қуатпен жұмыс істеп тұр. Дегенмен, облыстағы басым бағыт білім саласы. Әкім бұл саладағы жетістіктерімен мақтанатынын айтты.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Мен бұл көрсеткішпен ерекше мақтанамын. Егерде сіз бір сұрақ қойсаңыз, облыстың дамуының қай көрсеткішіне мақтанасыз десе осыны айтар едім. Түлектердің 97 пайызы оқуға түсті. Бюджеттің 40 пайызы білім саласына кетеді. Бұл 16 өңірдің ішінде - бірінші орын.
Сыр диқандары биыл соңғы бес жылда болмаған 536 мың тонна күріш жинаған. Бұл Қазақстанды толық қамтып, экспортқа жөнелтуге жетеді. Облыс делегациясы жақын күндері Иранға барады. Көрші елдер күріш пен ет сатып алуға ниетті.
Имамзада Шағыртаев, кәсіпкер:
- Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Ресей нарығы да қосылғалы жатыр. Соңғы уақытта Ресейден нақты инвесторлар келуде. Күріш сатып алу жөнінде келісімге отырғысы келеді.
Желтоқсан айында Аралдың тұзынан кальциленген сода алатын қазақ - қытай бірлескен зауыттың құрылысы басталады. Бұл Өзбекстандағы дәл осындай зауыттан екі есе көп өнім шығарады.
Санжар Оспанқұлов, кәсіпкер:
- Қазір Қазақстан соданы 100 пайыз шетелден сатып алып отыр. Бұл -жылына 400 мың тонна. Зауыт іске қосылса біз ішкі нарықты 70-75 пайыз жабамыз.
Облыс әкімдігі «ЭКСПО» кезінде 20 технологияны таңдап алған. Оның жартысы тұрғын үй шаруашылығы саласында. Қазір күннен қуат алатын екі жоба Жаңақорған ауданында жүзеге асуда.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ