Басты Жаңалықтар Шығыс Қазақстанда  геологтар мен бұрғылаушыларды дайындайтын ғылыми-тәжірибелік оқу орталығы ашылды

Шығыс Қазақстанда  геологтар мен бұрғылаушыларды дайындайтын ғылыми-тәжірибелік оқу орталығы ашылды

Орталық геология саласында 70 жылдан аса тәжірибесі бар кәсіпорын негізінде құрылды. Ерекшелігі сол, дуалды оқыту жүйесі аясында қысқа мерзімде кәсіби дайындықтан өткізеді. Мекеме қазір өз қызметкерлерін ғана емес, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы» аясында алғашқы оқушыларын да қабылдады.

Экологтың оқуын бітірген Еркебұлан Қажмұхамет енді осы орталықта геология саласын игеруде. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін Еркебұлан болашақ өмірін осы кәсіппен байланыстырмақ. Себебі, бір емес, бірнеше мамандықты меңгерген адам бәсекеге қабілетті әрі қашан да сұранысқа ие болады деп санайды. 

Еркебұлан Қажмұхамет, курсқа қатысушы:  

 - Жастарға болашақта бұл мамандық өте керек болады. Бір емес, бірнеше мамандық болған дұрыс деп ойлаймын. Елбасы айтқандай, болашағы бар. Екі мамандық бітірсе, өзіне де жақсы. Жұмысына да, табысына да. 

Біліктілікті арттыру курстарында жалпы 5 кәсіп түрі оқытылады. Бүгінде «техник-геолог» және «бұрғылау қондырғысы машинисінің көмекшісі» сияқты мамандықтар бойынша сабақтар басталып та кетті. Заманауи технологиямен танысып, білімдерін жетілдіру үшін курсқа қатысушыларға 3 ай да жеткілікті.

Татьяна Сидоренко, ғылыми-практикалық оқу орталығының басшысы:

 - Қазірдің өзінде Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығының қолдауымен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып отырмыз. Сабақтар екі топта жүргізілуде.

Геологиялық компания басшыларының айтуынша, бүгінде арнайы дипломы бар  жас мамандардың білім деңгейі көбіне төмен. Олардан білікті маман шығу үшін тағы бірнеше жыл қажет.

Болат Бағадаев,  «BEST & ALLIANCE GROUP» ЖШС бас директоры

 - Оқу бітіріп келгеннен кейін 4-5 жыл уақыт бөлу керек оларды оқытып, үйреткенге. Сондықтан, мына оқу орталығының жұмысы ол уақытты қысқартады деп санаймын. Ол жалғыз біздің мекемеге ғана пайдасы тимейді. Бүкіл қоғамымыз үшін, мемлекетіміз үшін өте жақсы бағдарлама деп санаймын.

Оқу орталығының тағы бір ұтымды тұсы – білімі мен білігі мықты кадрлардан тәлім алатындығында. Өйткені, геологиялық барлау жұмыстарының түр-түрін атқаратын компанияда осы салаға бүкіл ғұмырын арнаған, көптеген жаңа кен орындарын ашқан парасат пайымы ерек адамдар жұмыс істейді. Курсқа қатысушылар теория мен тәжірибені осы жоғары кәсіби мамандардан үйренеді.  

Зарина ҰЛЫҚБЕК

Бөлісу