Қазақ-қырғыз шекарасында күн сайын 30-ға жуық заңбұзушылық жағдай тіркелуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-қырғыз шекарасында күн сайын 30-ға жуық заңбұзушылық жағдай тіркелуде

17.10.2017

Қазақстанның барлық шекара периметрі бойынша жоспарлы операция әлі жалғасуда. Солардың ішінде қазақ-қырғыз шекарасында күн сайын 30-ға жуық заңбұзушылық жағдай тіркеледі. Мәселен, операция кезінде «Сартөбе» бақылау-өткізу пунктінде ел аумағына есірткі алып өтпек болған Қырғыз азаматы ұсталды. Бұдан басқа, «Қарасу» бекетінде ветеринарлық талапқа сай келмейтін ірі көлемдегі ет өнімдерін өткізгісі келгендердің де жолы кесілді.

«Қарасу» бекеті арқылы тәулігіне 500 машина өтеді. Жеті күннен бері шекарашылар жеңіл және жүк көліктерін қатаң тексеруден өткізіп жатыр. Бірақ,олардың бәрі бірдей ел аумағына кірмейді. Себебі, көбісі Қазақстанның кейбір заң талаптарына сай келмейді. Сондықтан, оларға айыппұл салынады. Сөйтіп, Қырғызстанға кері қайтарылады.

Бейсен Сатышев,  Ветеринарлық-санитарлық бақылау инспекциясының бас маманы:

- Екі-үш күннің ішінде ірі-ірі көлемде фактілер анықталды. «Қарасу» бекетінен «Реха» фирмасының шұжығы тәркіленіп, 226 мың теңге айыппұл салынып, Қырғызстан аумағына кері қайтарылды. Олардың құжаттары дұрыс толтырылмаған.

Ал, «Ауқатты» және «Сартөбе» пунктері арқылы өтетін жүк көліктерінің саны көп емес. Себебі, көрші ел тасымалдаушылары үшін екі бекет Қордайдан алыс. Арасы 50-60 шақырым. Негізі, қос пункт Қырғызстанның Тоқмақ қаласына тиіп тұр. Сондықтан, жүк көліктерінің жүргізушілері Бішкек арқылы Қордай бекетінен өткенді жөн көреді.

Сержан Шәменов, «Қарасу» шекара бақылау бөлімшесінің бастығы:

 - Жоспарланған шекаралық операция жүргізілуде. Мемлекеттік шекара белгілерін және де есірткі заттарын ұстау мақсатында осы уақытқа дейін 17 есірткі жағдайын ұстадық. Қызметтік иттерді қолдана отырып және инспекциялық досмотр қолданылып тексеріліп жатыр.

Операция кезінде шекарашылар көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Күшейтілген режим болған соң, жеңіл көліктерді де жіті тексеріп жатыр. Бірер күн бұрын суық қару алып өтпек болған бірнеше азамат ұсталды. 

Операция барысында көптеген әкімшілік құқық бұзушылықтар да тіркеліп отыр. 76 адам шекаралық режимді, 27 адам көші-қон заңын бұзған. Басқа да ережелерді сақтамаған азаматтар да тиісті жауапқа тартылды. Шекарашылардың мәліметіне сүйенсек, кеше Қырғыз бағытына Қордай бекеті арқылы 5000 адам шығып, Қазақстанға 4000 адам кірген.

Алмат ӘБДІРАМАН       

Хабарламаларға жазылу