Заңсыз тауар импортынан жыл сайын еліміз 20 млрд теңгедей қаржыдан қағылады екен. Қазақстан заңдарын жиі бұзатындардың басым бөлігі - Қырғызстан азаматтары. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, көрші ел тасымалдаушылары көбінесе шекарадан жүк құжаттарынсыз, тауар көлемі мөлшерден артық күйінде, тіпті, еліміз аумағында жүруге рұқсатсыз өтіп кеткісі келеді. Осындай өрескел заңбұзушылықтарды болдырмау үшін кеден бекеттеріндегі тексеріс күшейтіліп отыр.
Жыл басынан бері 58 655 шетелдік автокөлік тексеріліп, нәтижесінде 2,5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Олардың 1 мыңға жуығы, яғни басым бөлігі қырғызстандық тасымалдаушыларға тиесілі.
Жалпы, Қырғыз елінен келетін әрбір 6-шы көлік заң бұзатын көрінеді. Өткен аптада тексерілген көрші елдің 835 автокөлігінің 117-сі талапқа сай емес болған.
Альбина ӘШІМ