Шығыс Қазақстанда 50-ден аса адам алаяққа алданып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда 50-ден аса адам алаяққа алданып қалған

17.10.2017

Шығыс Қазақстанда 50-ден аса адам алаяқтың құрығына түсіп, сан соғып қалды. Өскеменнің іргесіндегі Шығыс кентінің тұрғындары  ауылдастарына алданып, оған банктен ақша алып берген. Айтуларынша, алаяқтың банкте сыбайласы болған. Сөйтіп, арбауына іліккен әр тұрғынға 300 мыңнан миллион теңгеге дейін бірнеше мәрте несие рәсімдеткен. Аз уақыт ішінде ақшаларын еселеп қайтарып беремін деп уәде еткен әйел осылайша талай адамды тақырға отырғызды.

Ал, оңбай алданып қалған азаматтардың бірнеше айдан бері қарыздары өтелмек түгілі, үстеме пайыздары өсіп келеді.

 Жамалқан Әлімғазы, Өскемен қаласының тұрғыны:

 - Міне, екі рет несиеге кіргізіп кетіп отыр. 380 мың бір, 360 мың бір. Арты-артынан екі күнде. Күйеуімді де кредитке кіргізіп тастаған. 1 млн 700 мың алып беріпті. Күйеуіме 1 емес, 3 рет алып берген. 

Бақытжан Торғаев, ШҚО ІІД Баспасөз қызметінің хатшысы:

- Қазіргі уақытта бұл азаматша тұтқында. Полиция қызметкерлері бұл істер бойынша толыққанды соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Аяқталғаннан кейін заңды процессуалды шешім қабылданып, іс сотқа жөнелтілетін болады.   

Зарина ҰЛЫҚБЕК

Хабарламаларға жазылу