ІІД жылу құбырының маңынан табылған 3 айлық нәрестенің әке-шешесін іздестіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІІД жылу құбырының маңынан табылған 3 айлық нәрестенің әке-шешесін іздестіруде

11.10.2017

Астананың Ішкі істер департаменті қаладағы жылу құбырының маңынан табылған 3 айлық нәрестенің әке-шешесін іздестіруде. Жыл басынан бері Астанада тіркелген бұл екінші сұмдық жағдай.

Күлімдеген күнәсіз сәбидің аты-жөні де, құжаты да жоқ. Тіпті, ұлты қандай екені де беймәлім.  Мұндағы дәрігерлер салмағына қарай шамамен 3-4 айлық деп топшылаған. Қазір шақалақ ширап келеді. Арада үш аптадай уақыт өтсе де, ата-анасынан әлі күнге дейін хабар жоқ.

Лидия Девидчик, педиатр:

- Баланың денсаулығы жақсы. Дамуы бірқалыпты. Үйде емес, ауруханада босанған болу керек. Өйткені, БЦЖ екпесін алғанын көріп отырмыз.

Жылу құбырының маңынан ораулы күйінде тапқан Ішкі істер департаментінің мамандары  нәрестенің киімдерін арнайы сараптамалық орталыққа жіберген. Қорытындысы әлі дайын емес. Егер ата-анасы табылған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады немесе 45 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Софья Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

- Бала табылғаннан бері жан-жақты толыққанды тексеріс жүргізілді. Емхана, аурухана, жүкті болған әйелдердің есебі барлығы тексеріліп шықты. Бірақ, әлі анықталған жоқ. Басқа аймақтан болуы мүмкін деген болжам бар.

Ішкі Істер министрлігінің мәліметі бойынша,  жыл басынан бері елімізде 34 тастанды бала  табылды. Безбүйрек ата-аналар сәбилерін көшеге, тіпті, дәретхана сынды қауіпті жерлерге қалдырған. Ең өкініштісі, мұндай оқиғалар күн өткен сайын көбейіп бара жатыр. Осыдан екі ай бұрын Астананың кіреберіс жолында табылған 3 жасар Милананың тағдыры жұртты алаңдатқан еді. Бүлдіршін әлі күнге дейін уақытша оңалту орталығында. Әкесі табылғанымен, анасынан хабар жоқ. Сол себепті де, тасбауырлардың тәлкегінен тағдыры тас-талқан болған тірі жетімдердің болашағы да бұлыңғыр.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу