Ақтөбенің тергеу изоляторына қамалған ер адам шарасыздықтан кеудесін тіліп тастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбенің тергеу изоляторына қамалған ер адам шарасыздықтан кеудесін тіліп тастады

06.09.2017

Ақтөбенің тергеу изоляторына қамалған ер адам шарасыздықтан кеудесіне тергеушінің аты-жөнін тіліп жазды. Бұл әрекеті арқылы ол өзінің кінәсіз екенін айтпақшы болыпты.

Тарқатып айтсақ, Бауыржан Өнерзақ Ақтөбедегі «Стрейк» түнгі клубындағы жаппай төбелеске қатысы бар деп уақытша қамауға алынған. Оқиға 25 маусым күні таңға жуық болды. Әйелі Арина Нұғманованың айтуынша, күйеуі төбелесіп жатқандарды ажыратпақ болыпты. «Бұл бейнежазбада да анық көрінеді», - дейді ол. Соған қарамастан құқық қорғаушылар оны бірден тергеу изоляторына қамап, куәгер ретінде жауап ала бастайды. Бауыржан күдікті деп те танылмаған. Осылайша, ақтөбелік азамат куәгер ретінде екі ай қапаста отырған.

Тергеушілер қамау мерзімін тағы бір айға созатынын мәлімдеген кезде, Бауыржан Өнерзақ  аштық жариялап, кеудесіне «менің өліміме тергеуші Картименов кінәлі»деп тіліп жазған. Ал, 30 тамызда өткен сот отырысы ақтөбелік азаматты үй қамаққа шығару туралы шешім шығарды. Қазір бұл істің ақ-қарасы анықталып жатыр. 

Райгүл ЕНШІБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу