Полицейлер тұрғындарға демалатын орындарын әлеуметтік желілерге жарияламауды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полицейлер тұрғындарға демалатын орындарын әлеуметтік желілерге жарияламауды сұрайды

02.08.2017

Алматыда полицейлер пәтер тонаумен айналысқан 4 күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты. Оның сөзінше, Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері арнайы ірі операция жүргізіп, қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Төртеуі де Шығыс Қазақстан облысының тумалары. Олар бұрын бірнеше рет сотталған. Бұған дейін күдіктілердің заңсыз әрекеттері полицейлердің назарына іліккен. Бірақ, оларды қылмыс үстінде ұстау туралы шешім қабылданған. Ұзақ уақыт өтпей, күдіктілер бір пәтерге еніп, ондағы ақша мен бағалы заттарды қолды қылған. Оқиға болған жерден бой тасалай бастағанда полицейлер арнайы жасақтың көмегімен олардың жолын кесті. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал, полицейлер тұрғындарға демалыс уақытында қайда барып, демалатындықтары туралы мәліметтерді әлеуметтік желіге жарияламауды сұрайды. Себебі, қазір пәтер тонайтын кәнігі ұрылар сол желідегі жазбаларға қарап, жымысқы ойларын іске асырады.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу