Екі қолынан айырылған Балғынбек Бахтиярға көмек көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі қолынан айырылған Балғынбек Бахтиярға көмек көрсетіледі

18.05.2017

Осыдан екі жыл бұрын тоққа түсіп, екі бірдей қолынан айырылып қалған Балғынбек Бахтияр туралы осыған дейін де бірнеше материалды назарларыңызға ұсынғанбыз. Астанаға келіп, жоғары білікті мамандарға қаралған жеткіншектің арманы - барынша икемді, көтерілетін, жұмып-ашылатын жасанды қол салу. 11 жасар баланың тағдырына бей-жай қарамаған қайырымды жандар оған қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Алматыдағы ортопедиялық орталықтың мамандары Балғынбекке көмектесетіндерін жеткізді. Бұл мекеме 88 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға аяқ-қол жасаумен айналысып келеді.

Жасанды бір қолының ақысы шамамен 30 млн теңге. Бұл  отандық орталықта  жасайтын  протездің құны. Мамандар жасанды қолды 2 жыл сайын  ауыстыру қажеттігін  айтып  отыр. Жалпы функционалдық протезді кигізуге болатын және кигізуге келмейтін жағдайлар болады. Болжам бойынша Балғынбекке икемді протез салуға мүмкіндік бар. Ол қол жұмысының 95 пайызын қалпына келтіреді.

Дәрігердің айтуынша, Балғынбекке уақытша косметикалық протезбен жүруге тура келеді. Қолдарын ойша  қимылдатып, көтеріп-түсіріп жаттығуларын ұдайы жасап тұруы тиіс. Әкесі Балғазы Серікбаев министрліктер үйіне барып, Денсаулық сақтау министріне хат жазды. Еліміздің бас дәрігері Балғынбектің өзімен кездесіп, қолдан келгенше көмек көрсететінін айтты.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу