Ақтөбе - Мақат тасжолындағы 299 шақырымға созылған екіжолақты жолды жөндеуге 240 миллион доллардан аса қаражат керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Төменгі палатада «Ақтөбе-Мақат» автомобиль жолын жаңғырту жөніндегі заң жобасы ұсынылды. Жол жөндеуге қаражаттың 13 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сонымен қатар, құжат аясында халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу көзделіп отыр. Қайта жөнделетін жолда 150-ден аса түрлі инженерлік құрылыс, 11 өтпе жол, 39 мал айдау жолдарына арналған жұмыстар жүргізіледі. Бұл тек екіжолақты жол емес, ол ені 15 метрге дейін созылған жер төсемі. 13 тоннадай асфальт төселеді. Яғни, жолдың сапасы жақсармақ. Бірақ жол жөндеуге қажетті қаржы халықаралық банктерден тартылып, 18 жылдың ішінде қарыз толық қайтарылуы тиіс. Ол Азия даму банкі және Ислам банкі. «Ақтөбе – Мақат» учаскесін реконструкциялау, Каспий маңындағы аймақтарға Қытай, Ресей нарықтарына және Оңтүстік - Шығыс Азия елдеріне шығуға жол ашады, өйткені ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосылатын болады. Көлік дәлізінің құрылысы биыл басталып, 2021 жылы аяқталады деген жоспар бар.
Индира БЕГАЙДАР