Бүгін Орал қаласының жұртшылығы қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы Шаған өзенінің оң жағалауында «Гүлдене бер, туған ел!» атты экологиялық шараға қатысып, ағаш отырғызды деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» республикалық шарасы аясында облыстық сенбілік ұйымдастырылып, оған еңбек ардагерлері, өңірдегі мекеме-ұйымдар басшылары мен қызметкерлері және жастар атсалысып, өз үлестерін қосты.
Шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Оралдың көрікті де жасыл қалаға айналуы үшін мұндай істерді жұмыла атқарудың маңызы зор. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғанындай, «Туған ел» бағдарламасына әр тұрғын белсене қатысып, өзі тұратын аумақтың одан әрі дамып, гүлденуіне үлес қосса, туған жер, өскен өлкеге деген құрмет пен сезім де арта түседі. Соның ішінде тал-терек егіп, оны күтіп баптауға ерекше назар аудару керек.
Осындай шара шаһардың басқа шағынаудандары мен облыстың барлық аудандарында өтті.
Айта кетейік, бүгін облыс көлемінде 42 мыңнан астам түп ағаш отырғызу жоспарланған болатын. Облыстық санитарлық-экологиялық айлығы 12 мамырға дейін жалғасады.