Алматыда ҰОС ардагерлеріне апта сайын тамақ жеткізіп тұратын еріктілер іздестірілуде. Осыдан бірнеше ай бұрын жүзеге асқан «Ыстық ас» жобасы жабылу үстінде.
Жоба «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық қорының ұйымдастырылуымен жүзеге асқан болатын. Қазіргі уақытта қорға ардагерлер өміріне бейжай қарай алмайтын жандар қажет.
«Еріктілерсіз қолымыз қысқа. Алматы ардагерлерінің атынан көпшіліктен қайта көмек сұраймыз. Күнде тегін түскі ас алып отыратын қарттар әзірше қор өкілдерін күтуде. Ас үзіліссіз жеткізіліп тұруы қажет. Егер бос уақытыңыз, көлігіңіз, қадірлі ардагерлерге көмектесемін деген ниетіңіз болса, атсалысуларыңызды сұраймыз», - дейді қор қызметкері Любовь Форат.
Қор өкілдері «Ыстық ас» жобасына қосылған ардагерлердің үйлері бір-біріне және кеңсеге жақын орналасқандығын атап өтті.