Басты Жаңалықтар Маркетплейстердегі саудаға бақылау күшейеді

Маркетплейстердегі саудаға бақылау күшейеді

Маркетплейстердегі саудаға бақылау күшейеді. Онлайн сауда жасағанда тұтынушының құқығы да қорғалу керек. Әзірленіп жатқан жаңа заң жобасының мақсаты осы. Жаңа құжатта ішкі және сыртқы саудада тұтынушы құқығы қалай қорғалады?

Қазір онлайн сауданың көрігі қызып тұр. Екінің бірі тапсырыспен тауар алады. Дегенмен оның да салдары бар. Ақтөбелік Рүстем жолдасы екеуі тиктоктағы стрим арқылы тауарға тапсырыс берген. Танымайтын адамнан құжатын да, тауар туралы ақпаратты да талап етпей, 60 мың теңгесін аударып жіберген. Қазір тауар да, ақша жоқ.

Рүстем Сафин, қала тұрғыны:

Күнде әне салып жібереміз, міне салып жібереміз, суретін жібереді, затыңыз кетті дейді, курьер таба алмай жүр үйіңізді дейді, сонымен жоқ болды. Тикток қарап отырсақ, бізге бір келіншек шықты, ол да алданған екен, группа аштық бәріміз. Группада 60-тан асып кетті, тоқтамай келе жатыр әлі.

Жыл басынан бері онлайн саудаға қатысты 12 мың өтініш түскен. Сауда және интеграция министрлігі көрсеткен ресми дерек осы. Оның ішінде сапасыз тауар, мерзімі өткен азық-түлік, өлшемі келмей қалған киімдерге қатысты даулар бар. Құрылтай депутаты бұл мәселелердің шешімін жаңа заң жобасы біржақты етуі тиіс дейді.

Илья Теренченко, ҚР Құрылтайының депутаты:

Алдымен маркетплейстерде тауардың толық сипаттамасы, яғни құрамы, өндірушісі көрсетілуі керек. Тауардың таңбалануы маңызды. Екінші ұсынылып отырған маңызды өзгерістің бірі – сатушы тұтынушының заңды талабын орындаудан бас тартса, оған қосымша қаржылық жауапкершілік жүктеу. Яғни, сатушы мәселені өз еркімен шешпесе, сот сатушыдан тұтынушыға қосымша айыппұл өндіруі мүмкін. Демек, егер жаңа заң күшіне енсе, тұтынушының сот арқылы қорғау мүмкіндігі күшеймек.

Бұдан бөлек, тауарды айырбастау немесе ақшаны қайтару туралы талап орындалмаса, сатушы әр кешіктірілген күн үшін тауар құнының кемінде 1%-ын төлеуі мүмкін. Мамандар онлайн сауда жасамас бұрын, саудагерден құжат сұрау маңызды дейді.

Шәкәрім Хайдар, Мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының бас сарапшысы:

Қарапайым қағида ғой, бірінші сұраңыз сіздің ЖСН, БСН  деген нөмірлер бар ғой, жеке сәйкестендіру нөмірі, бизнес сәйкестендіру нөмірі, соның барлығын сұратып алыңыз. Егер де қандай да бір жағдай орын алса, енді сіз біреуге шағымдану керексіз ғой ресми тұлғаны көрсетіп.

Шетелдік маркетплейстерден тауар тапсырыс беріп, құқығы тапталып жатқандар да аз емес. Себебі әлемдік сауда платформаларының көпшілігіне еліміздің заң талаптарын орындату қиын. Қазіргі уақытта тек санаулы маркетплейспен ғана меморандум жасалған.

Еркебұлан Тағашов, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

Қазіргі уақытта шетелдік тему, пиндуодуо, омозон сияқты маркетплейстерге біздің заңнын талаптары оларға бармайды. Олар тек интернет жүйесінде тауарларын жарнамалайды, біздің тұтынушылар сатып алады. Қазіргі уақытта озон, вайлдберриз секілді меморандумымыз бар. Тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда наразылығын екі маркетплейстің Қазақстанда тіркелген өкілдеріне жолдаймыз. Өкілдері қарап қанағаттандыруға тырысады.

Аида Ахметбек, тілші:

Қазақстан электрондық сауда көлемі бойынша ТМД елдері арасында Ресейден кейін екінші орында тұр. Цифрлық сауда мен қызмет көрсету нарығы қарқынды дамығанымен, тұтынушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесі әлі де өзекті. Осыны ескерген Үкімет жаңа Заң жобасын әзірледі. Қазір құжат Құрылтай депутаттарының қарауында. 

Бөлісу