Құқықтық жүйені жетілдіру жолдары талқыланды
«Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру және құқықтық жүйені жетілдіру мәселелері халықаралық конференцияда талқыланды. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, халықаралық ұйымдар мен шетелдік құқық қорғау және білім беру мекемелерінің мамандары қатысты. Шарада құқық қорғау органдары мен халықаралық ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Пленарлық отырыста Бас прокурор Берік Асылов кез-келген заң бұзушылыққа, оның ішінде лауазымды тұлғалардың заңға қайшы әрекеттеріне жедел тосқауыл қою қажет екенін айтты.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
«Заң мен Тәртіп» қағидаты Конституцияда бекітілген. Ол мемлекеттік органдардың заң мен қоғамдық тәртіпті сақтауын, сондай-ақ әр азаматтың заңға құрметпен қарауын көздейді. Жұмыс нәтижелі болуы үшін барлық құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Заң бәріне бірдей. Адамның қызметі мен қоғамдағы орны жауапкершіліктен босатпайды.
Сондай-ақ құқық қорғау саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселесі көтерілді. Конференция барысында прокуратура органдары мен отандық компаниялардың IT-өнімдері таныстырылды. Оларды қолдану нәтижесінде арнайы прокурорлар шетелдік юрисдикциялардағы жалпы сомасы 20 миллион АҚШ долларын құрайтын активтердің орналасқан жерін анықтаған. Оның едәуір бөлігі криптовалюта түрінде болған. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал өтелді.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің міндеті. Ерекше жауапкершілік мемлекеттік орган басшыларына жүктелген. Заңдылық мемлекеттік аппараттан басталуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы