Басты Жаңалықтар Қара алтынның қайтарымы

Қара алтынның қайтарымы

Ақтөбе облысында жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады. Жылдық қуаты шамамен 2 миллион тонна болады деген жоспар бар. Егер қағаздағы жоспар іс жүзінде орындалса ішкі нарықты ғана қамтып қоймай өнімдерін Орталық Азияның елдеріне жеткізуі мүмкін. Бірақ мұны Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытымен шатастырмаңыз. Қуаты 10 миллион тонналық алып зауыт салынуы мүмкін деген өңірлер де таңдалып қойған...

Елдос Есенбол, тілші:

Қазақстан биылғы 9 айда  70 миллион тоннаға жуық мұнай өндірген. Бұл былтырмен салыстырғанда аз. Үкіметтегілер қара алтын өндірісінің кемуіне Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуыл әсер еткенін айтады. Өндірістегі шығынның орнын толтыру үшін қандай амалдар жасалып жатыр?

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

2025 жылы Теңіз кен орнында іске қосылған Келешек кеңіту жобасы мұнай өндіру көлемін жылына 12 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған компрессор іске қосылып мұнай өндіру көлемі жылына 11 миллион тонна көлемінде ұстап тұруды қамтамасыз  етеді.

Өндіру бар да оны өңдеу өз алдына бөлек әңгіме. Жыл басынан бергі 9 айда ел ішінде 14,1 миллион тонна мұнай өңделген. Ендігі жоспар сол зауыттардың қуатын одан ары арттыру. 

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін Павлодар МХЗ қуатын  5,5 миллион тоннадан 9 млн тоннаға дейін, ал Атырау МӨЗ қуатын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін кеңейту жобалары бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде.

Елдос Есенбол, тілші:

Ал төртінші мұнай өңдеу зауытының жылдық қуаты шамамен 10 миллион тонна болуы керек. Ол Маңғыстау, Атырау, Түркістан немесе Ұлытау облысында салынуы мүмкін. Бұдан бөлек Ақтөбе облысында жылына 2 миллион тонна мұнай өңдейтін орташа қуатты зауыт салынбақ.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

Ақтөбедегі зауыт ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін Орталық Азия елдеріне де жеткізеді. Қазір көрші мемлекеттерде мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты іркілістер бар. Қазақстан ресурсы мол ел ретінде оларды қажетті өніммен қамтамасыз ете алады.

Жобаны жүзеге асыру шамамен екі жылға созылмақ. Министрдің сөзінше, жаңа кәсіпорын қосымша автокөлік жанармайы мен басқа да мұнай өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.

Бөлісу