Бразилия Олимпиада ойындары уақытында елде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге $853 млн бөлді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бразилия Олимпиада ойындары уақытында елде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге $853 млн бөлді

22.06.2016
Бразилия Олимпиада ойындары уақытында елде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге $853 млн бөлді

Бразилия президентінің міндетін атқарушы Мишел Темер алда тамызда Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындар уақытында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 2,9 млрд реал  ($853 млн жуық) бөлді. Тиісті жарлық сейсенбі күні Diario Oficial ұлттық үкіметінің ресми басылымында жарияланды, деп хабарлады ТАСС.

«Федералдық үкімет 2016 жылы Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындар өткізуге байланысты орын алатын Рио-де-Жанейро штатының қоғамдық қауіпсіздігіне жұмсалатын шығындарға жәрдемдесу үшін 2,9 реал көлемінде біржолғы төлем түрінде қаржылай көмек беруге міндеттеледі», делінген құжатта. Бразилиялық БАҚ түсіндіргендей, әңгіме субсидия, яғни өңірлік билікке өтеусіз көмек жайында болып отыр.

18 маусымда Рио-де Жанейро штатының басшылығы өңірге қаржы саласында  төтенше жағдай енгізетінін хабарлады. Жарияланған декретке сәйкес мұндай қадам билікке «негізгі коммуналдық қызметтер жұмысын оңтайландыру үшін» қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Құжатта сондай-ақ, ауыр экономикалық жағдай «Штатқа Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындарды өткізу бойынша алған міндеттемелерді орындауға кедергі келтіріп отырғандығы» атап өтілген.

Рио-де-Жанейродағы қылмыстың жоғары деңгейі басты проблемалардың бірі саналады. Қоғамдық қауіпсіздік институтының деректеріне сәйкес осы жылғы қаңтар-сәуір аралығы кезеңінде штатта қасақана кісі өлтіру саны өткен жылмен салыстырғанда, 15,4 пайызға артты. Зорлық-зомбылық қылмыс  сәуірдің өзінде  417-ге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 38,9 пайызға көп. Көшеде тонау, ұрлау, автомобиль айдап кету сияқты қылмыстар да артты.

XXXI жазғы Олимпиада 2016 жылғы 5-21 тамыз аралығында өтеді.   Бұл Оңтүстік Америкада ұйымдастырылған алғашқы Олимпиадалық ойындар. Паралимпиада 7-18 қыркүйекке жоспарланған. 

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу