Жасыл аймақтағы орман - Астананың берік қорғаны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасыл аймақтағы орман - Астананың берік қорғаны

20.06.2016
Жасыл аймақтағы орман - Астананың берік қорғаны

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жасыл аймағын аралап, орман шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысты.

Елбасы Н.Назарбаев жыл сайын  маусым-шілде мезгілінде осы орманды аралап, елорданың жасыл белдеуіндегі жағдайды өз көзімен көріп қайтатын дәстүр қалыптастырған. Міне, биыл да Президент жасыл аймаққа келіп, небары он сегіз жылда бой көтерген  орманға сүйсініп қайтты.

«Жыл сайын мен осы ормандарды аралап, бақылап отыратынымды өздеріңіз  білесіздер. Біз 1998 жылы елорданы дүниежүзіне жарияладық. Содан бері, міне, 18 жыл өтті. 18 жыл деген кәмелетке толған, азамат болған кез деп санауға болады. Бірақ, жасөспірім, жаңадан өсіп келе жатқан жаспен бірдей. Он сегіз жыл бұрын  қаланың төңірегіне орман егуді тапсырған едім. Жастар көп біле бермейді,  біз ол кезді жақсы білеміз, Алматыдан жаңа көшіп келген кезде, қаланы шаң басып кететін. Құбыла соққан жел адамды құлата жаздайтын. Сондықтан, орман егуді бастадық. «Астананың төңірегіндегі жер қолайсыз, тас, құм, орман өспейді» деп қарсы тұрғандар көп болды. Мінекей, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, Астананың төңірегінде бұрын болмаған 73 мың гектар орман пайда болды», - деді Н.Назарбаев журналистерге.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазір жасыл аймақта алпыстан астам ағаш сорты өсіп жатыр. Тіпті, «тың игерген кезде трактордың дауысынан қашып кеткен жәндіктердің бәрі қайтып келді», - деді Н.Назарбаев Астананың айналасындағы орманның әлеуетін бағалай отырып.

«Бұл орман, біріншіден, Астанадағы ауаның тазалығын қамтып тұр, екіншіден, шаң жібермейді, үшіншіден, желді ұстайтын қорған. «Орманы бардың қорғаны бар» деп қазақ бекер айтпаған. Астана тұрғындары мен жастардың болашағы үшін осындай жағдай жасап жатырмыз», - деді Елбасы Н.Назарбаев.

Хабарламаларға жазылу